
Құрамында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы, топ жетекшісі Айдар Башбаев, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сайлау Қожағұлов, облыстық білім басқармасының қызметкері Эльмира Досаева, облыстық "Жетісу" телеарнасының жаңалықтар қызметінің жетекшісі, жазушы Есболат Айдабосынның Нарынқол ауылындағы Мәдениет үйінде қазақ тілін латын графикасына көшіруге қатысты білдірген ой тұжырымдары көп көңіліне қозғау салды.
«Мемлекетіміздің одан әрі дамып, көркейіп, гүлденуі үшін қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – латын әліпбиіне көшу», – деп бастады сөзін топ жетекшісі Айдар Карбозұлы.
– Қашанда кемеңгерлігімен ерекшелене білген Елбасы: «2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз», – деп мәлімдеді. Бұл – заман талабына сай айтылған орынды ой.
Елбасының сөзін басшылыққа ала отырып біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден бастап кірісуіміз қажет. Әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады. Сондықтан осындай жауапты қадамға әркім және баршаның атсалысқаны абзал, – деген Тіл басқармасының басшысы өз сөзінде латын графикасына үйреніп алудың да аса қиындық туғыза қоймайтынын, әлем қабылдаған әліпбидің жаттығы да байқалмайтынын айтты.
«Қазақ тілінің түбегейлі латын әліпбиіне көшуі қажет». Шекаралы аймақтың халқымен жүздесуінде филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сайлау Қажыбекұлы осылай деді.
«Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді, бүгінді және келешекті жалғастыратын алтын көпір. Ендеше, қазақ жазуын латын әріптеріне көшірудің басты мақсаты - бұл қазақ тілін дамыту үшін жасалып жатқан шаралардың бірі.
Қазіргі орфографиямызды жетілдіру, сөзіміздің қазақ тілінің табиғи үндесіміне сай жазылуын қамтамасыз ету болып табылады. Заман ағымына сай тіл де үнемі дамып, сөздік құрамы толыға түседі. Күнделікті өмірде танылған барлық заттар мен құбылыстар сол тілде сөз арқылы қолданыс табады. Егер осы сөздер өз ана тілінде, немесе ана тілдің заңдылығына бейімделіп қолданылмаса, онда кез-келген тілдің сөздік қоры жұтаң тартып, ол тілдің табиғи заңдылықтары бұзыла бастайды», - деген профессор қай кезде де тілдің өзіндік заңдылықтарын ескере отырып, үнемі жетілдіріп отыру абзал екендігін айтты. Сондай-ақ ол сөзіміздің қазақ тілінің басты заңдылығы үндестік заңына сай жазылуына назар аударған жөн екенін нақты мысалдармен айтып өтті. Мәселен, қазақтың Анар, Жанар деген есімдерін Анара, Жанара деп айтуға үйреніп кеткенімізді, жалпы тіл заңдылығын бұзып жүргеніміз туралы да кеңінен тоқталды. Профессордың сөзінше, латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ тілінің табиғилығын сақтап қаламыз.

Қазақ тілін латын графикасына көшіруге қатысты жиында ауыл халқы өздерінің толғандырған сауалдарына орай нақты түсініктеме алды. Көп ішінен қойылған сұрақтардың басым бөлігі білім саласына қарай бағытталғандықтан облыстық білім басқармасының қызметкері Эльмира Досаева жауап берді.
Жиын барысында бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеу керектігі айтылды.
«Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Ендеше, қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс», - деді жиында «Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы» атты ақпараттық түсіндіру жұмыс тобының мүшелері.