Жиенбай Шыңғысов: «Жүзім 300 жылға дейін өнім береді»

Dalanews 25 қаз. 2017 10:25 1076

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына барған сапарымызда ауылшаруашылығы саласына шындап бет бұрып, жүзім өсіріп, мал басын көбейтіп отырған «Шыңғыс» шаруақожалығының жетекшісі Жиенбай Шыңғысов ағамызбен сұхбаттасудың сәті түсті. Жүзім бауының басына барғанымызда еңбегімен Оңтүстікке танылған ағамыз жүзімдерін баптап, жемістің жаңа сорттарын будандастырып жүргенінің үстінен түстік.

 

– Жиенбай аға, Сарыағаш ауданының ауылшаруашылық бөлімі сіздің жүзімдігіңізбен танысуға кеңес бергеннен кейін алыстан ат терлетіп келген жайымыз бар...

– Иә, ауданымызға келген тілшілердің көпшілігін бізге жіберіп, шаруашылығымыз жайында әңгімелеп беруді өтінеді. Білгенімізді журналистерге  айтудан жалықпаймыз. Біздің тірлігімізден үлгі-өнеге алып, елімізде жер емген шаруалардың қатары артса, қуанамыз.

Қазір жүзімді будандастырып жатырмыз. Ең алғаш ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресстріндегі алқызыл жүзімнің сортын егіп, субсидияға қол жеткізген едік. Міне, содан бері 6-7 жылдың жүзі болды. Мемлекеттің қолдауының арқасында шаруашылығымыз аяққа тұрған соң, жүзімнің басқа да сорттарын өсіруге бет бұрып отырмыз. Іргедегі Өзбекстаннан жүзімнің басқа да түрлерін әкеліп, будандастырдық, соларды байқап, бақылап жүрген жайым бар. Жүзімге күтім жасау – үлкен бейнетті қажетсінетін жұмыс.

– Жүзімдіктеріңіз қанша гектар жерді алып жатыр?

– Мына өздерің көріп тұрған жүзімдік 17,5 гектар жерге орналасқан. Тағы басқа жерде 8 гектар жерде тағы да жүзімдігіміз бар. Мемлекеттің қолдауына қол жеткізу үшін тамшылатып суару жүйесін енгізіп, суды үнемдеп жатырмыз.

– Осы аумақты алып жатқан жүзімнің өнімділігін көтеру үшін тыңайтқыш қолданасыздар ма?

– Біздер химиялық таңайтқыштарды қолданбаймыз. Себебі, біз жүзім шаруашылығынан бөлек, мал өсірумен де айналысамыз. Сол малдың жиналған көңін ерте көктемде әкеліп, жүзімдікке төгіп, жерді тыңайтамыз. Сондықтан жүзімдерімізді «таза, табиғи өнім» деп нық сеніммен айта аламын.

– Жүзім көп күтімді қажетсінетін өсімдік емес пе? Күтіп, баптау ісі қиын шығар?

– Шынымды айтсам, жүзімнің қиыншылығына үйрендік. Бұл істі бір кісідей меңгергендіктен,  біз үшін бұдан артық шаруа жоқ. Жүзімдікте 6-7 адам күні бойы бел жазбай еңбек етеді. Уақытылы суын беріп, қартайған сабақтарын қиып, жаңадан өсіп шыққандарын мәпелеп,  күтіп отырады. Жүзім оралып өсетін діңгектерді қойып шықтық. Алдағы уақытта доғалдандыра түспекпіз.  Сол кезде жүзім көп өнім беретін болады.

Кейбіреулер қысы жылы оңтүстік өңірде қыста жүзімдерді көмбесе де болатынын айтады. Бірақ біз жүзімнің бәрін көмеміз. Күздің соңғы айларында жүзімнің нәзік сабақтарын көмуге дайындаймыз. Жүзімді көмген кезде арнайы техниканың көмегіне жүгінеміз. Жалпы біздің өңірде жүзімді көмбесе де болады. Қыста суық ұрғанда жүзімге әсер етеді. Жүзім сабақтары үсіп кетпесе де, өніміне кері әсер етеді. Сондықтан жүзімнің бәрін көміп, өнімді сақтап қалу үшін күні бұрын қам жасаймыз.

Жүзімнің басты жауы торғайлар болып тұр. Олардан жүзімді қорғау біз үшін өте қиын. Қарақшы қойып, мылтық атып, үркіткен боламыз. Бірақ оған қарамай жүзімді тістелеп, рәсуасын шығарып жатыр. Алдағы уақытта әр жолдың арасына арнайы темір құрылғылар қойып, жүзімдіктің үстіне тор жайып тастауды жоспарлап отырмыз. Мұндай жағдайда жүзімді торғайлар мен күннің қызуынан қорғауға болады екен.

– Мына жүзімдеріңіз қанша жылға дейін өнім береді?

– Біз жүзімнің бауын 2000 жылы қолға алдық. Міне содан бері жүзімді өсіруге қатысты көптеген еңбектермен танысып, таза жүзімтанушы болдым десем артық айтқандық болмас. Бір еңбектерден оқығанымда жүзімге уақытылы күтім жасасаң,  300 жылға дейін өнім беретінін білдім. Меніңше, жүзім 300 жыл болмаса да 100 жыл өнім беретіні анық.

– Жиенбай аға, жүзімдеріңіздің қай жаққа саудалап жатырсыздар? Өнімді өткізуде мәселе жоқ па?

– Жүзім піскен кезде жүзімдіктің басына әкететін тұрақты алушыларымыз бар. Бұдан басқа Ресейге апарып саудалаған кездеріміз болды. Сондай-ақ, базарда жеміс-жейдек сататын саудагерлер де келіп, алып кетеді. Былтырдан бастап Қарағандыға 10 тонна жүзіп сатып келеміз. Әзірше, өткізу жағынан қиындық көріп жатқан жоқпыз.

– «Жүзім 300 жылға дейін өнім береді» деп айтып қалдыңыз. Болашақта жүзімдігіңіз кеңейген сәтте оны өңдеп, түрлі өнімдер шығару ісі ойыңызда бар ма?

– Әрине, кеңеюге қатысты ой-жоспарымыз бар. Келешекте жүзім шырынын шығаруды ойлап жүрміз. Жүзімді өңдесең, оның бағасы да артып, еңбегіңнің зейнетін көресің ғой. Шырын шығаруды қолға алсаң, оның бірнеше түрін шығаруға тура келеді. Шырынның түрін көбейту үшін жүзімнің де түрлерін арттыру керек. Сондықтан қазір жүзімнің түрлерін көбейтуге күш салып жатырмыз.

– Жүзімді күтіп, баптау жұмыстарында техника қолданасыздар ма?

– Техника көп қолданылмайды. Жұмыстың көбі қолмен атқарылады. Тек күзде жүзімді көмгенде трактордың көмегіне жүгінеміз. Бұл кезде жүзімді ыңғайлап жатқызамыз, содан кейін тарактор арық қазатын сүйретпесімен әр жолақтың бойымен жүріп өткенде жүзім көміледі. Кейбір дұрыс көмілмей қалған жерлерін қолға кетпен алып көміп шығамыз.

 Cұхбаттасқан Нұрлан ӘУБӘКІР

 

https://dalanews.kz/31431

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар