Жыл басынан бері заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғандар 40 миллион теңгеге жуық айыппұл төледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда заңсыз лотерея қызметін анықтау мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.
"Мониторинг нәтижесінде және жеке тұлғалардан комитетке келіп түскен өтініштер негізінде биыл 89 адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттары жолданып, офлайн және онлайн форматтарда түсіндіру кездесулері өткізілді. Әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізген аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған"ғ - деп жазылған хабарламада.
Хаттамамен келіскен жағдайда құқық бұзушылар айыппұлды өз еркімен төлейді, ал келіспеген жағдайда іс сотқа жолданып, сот тәртібімен қаралады.
