Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы Адам Қадыров жол апатына түсті. Бұл туралы түрлі дереккөз мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дереккөздердің бірінің айтуынша, Қадыров жеткізілген медициналық мекемеге апаратын жолдар уақытша жабылған.
Ал оппозициялық Niyso қозғалысының мәліметінше, Адам Қадыровтың кортежі жоғары жылдамдықпен келе жатқан. Соның салдарынан көліктер бірінен кейін бірі соқтығысқан. Қозғалыс өкілдері зардап шеккендер саны аз емес екенін жеткізген.
Оқиғадан кейін Грозный қаласының бірқатар көшесі жабылып, республикалық аурухана уақытша жұмысын тоқтатқан. Оппозициялық пабликтер Адам Қадыровтың жағдайы ауыр екенін де хабарлады.
Тағы бір дереккөз Қадыровтың ұлы шұғыл түрде Мәскеудегі ауруханалардың біріне жеткізілгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, 18 жастағы Адам Қадыров - Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ең танымал балаларының бірі. Адам Қадыровқа бірқатар жоғары лауазым беріліп, марапаттар табысталған. Қазір ол Шешенстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы әрі республикалық Ішкі істер министрлігінің кураторы қызметін атқарады.
