Танымал әнші Маржан Арапбаеваға шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады

Сағыныш Сардарова 17 қаң. 2026 09:30

Әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та Астанада танымал әнші Маржан Арапбаеваға шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жарияланған мәліметке сүйенсек, оқиға қаңтардың басында қоғамдық орында болған. Сонымен қатар, жазбада бұл іске әншінің азаматтық жұбайының қатысы болуы мүмкін деген болжам айтылды.

Полицияның мәліметінше, қоғамдық орында балағат сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 43 жастағы елорда тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Қоғамдық орында бейәдеп сөздер қолдану дерегі бойынша елорда тұрғыны жауапқа тартылды. Сонымен қатар, тұрғын үй ауласында азаматтық жұбайымен арадағы жанжал кезінде әйелге күш қолданғаны анықталды", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Бұдан бөлек, ер адамға қатысты дене жарақатын келтіру дерегі бойынша бөлек арыз тіркелген. 

Әкімшілік іс сотта қаралып, ер адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1-бөлігі бойынша 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Полиция тергеу жалғасып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар, Tengrinews.kz Маржан Арапбаеваның менеджментімен байланысқа шыққан. Әншінің өкілі оның жұбайы ұсталды деген ақпаратты жоққа шығарған.

"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды", – деді әншінің өкілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove