Адвокат Адам Мұрат лицензиясынан айырылды

Самал Асқар 16 қаң. 2026 16:45

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің талап арызы бойынша адвокат Адам Мұратты адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Азаматтық іс «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның 44-бабы негізінде қаралды. Аталған нормаға сәйкес, адвокат кәсіби міндеттерін орындау кезінде заң талаптарын, заң көмегін көрсету қағидаттарын немесе адвокаттардың кәсіби әдеп кодексін өрескел не бірнеше рет бұзған жағдайда, лицензия сот тәртібімен қайтарып алынуы мүмкін.

Сотқа жүгінуге Әділет министрлігінің адвокаттық қызмет саласындағы уәкілетті орган ретінде берген талап арызы негіз болды. Талап қоюшы тарап адвокат Адам Мұраттың кәсіби қызметін жүзеге асыру барысында қолданыстағы заңнама нормаларын бірнеше рет және өрескел түрде бұзғанын көрсетті.

Іс материалдарына сәйкес, адвокат әлеуметтік желілерде өз құқықтарының бұзылғаны, сондай-ақ тергеу және сот органдарының заңсыз әрекеттері туралы мәлімдемелер жариялап, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан. Сот бұл деректердің жалған екенін, ал тергеу органдары қызметінің заңдылығын растайтын сот актілері бар екенін анықтады.

Соған қарамастан, адвокат пен оның қорғауындағы тұлғалардың құқықтары бұзылды деген мазмұндағы ақпарат қоғамға таратылған. Талап қоюшы тараптың уәжінше, азаптау фактілері жөнінде негізсіз жария мәлімдемелер жасау, сот жүйесінің беделін түсіретін пікірлер білдіру адвокат мәртебесін теріс пайдалану болып табылады және тергеу органдарына қысым көрсету мақсатында қолданылған.

Әділет министрлігі мұндай әрекеттердің жүйелі әрі жария сипатта болғанын, олардың әділ сот пен адвокатура институтының беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті. Бұл мән-жайлар адвокатты лицензиядан айыру туралы талап қоюға негіз болған.

Сот тараптардың дәлелдерін, іс материалдарын жан-жақты зерделей келе, талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде адвокат Адам Мұрат адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove