Алматыда жұқпалы ауруларға қарсы ұлттық орталық ашылды

Самал Асқар 16 қаң. 2026 15:42

Алматыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған Ұлттық ғылыми жұқпалы аурулар орталығы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа орталықтың ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Ұлттық ғылыми жұқпалы аурулар орталығы пандемия сабақтарын ескере отырып, елдің биологиялық қауіпсіздігін күшейту мақсатында құрылған. Мұнда ғылыми зерттеулер, клиникалық көмек, цифрлық технологиялар мен кадр даярлау бір жүйеге біріктірілген. Орталық 350 төсек-орынға есептелген және жыл сайын туберкулезбен ауыратын шамамен 2,5 мың науқасқа медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Төтенше жағдай туындаса, қуаты 500 орынға дейін кеңейтіле алады.

«Бұл орталық Президенттің тапсырмасымен ұлт денсаулығын нығайту және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін салынды. Мұнда ғылым, озық технология және болашақ мамандарды даярлау бір арнаға тоғысты. Ұлттық ғылыми жұқпалы аурулар орталығы заманауи қазақстандық медицинаның флагманына айналады деп сенемін», – деді Аида Балаева.

Орталық толық автономды жұмыс істейді және диагностикадан бастап күрделі зертханалық талдауларға дейінгі толық циклды қамтиды. Мұнда дәріге төзімді туберкулезді қоса алғанда, инфекциялық және паразитарлық ауруларды анықтау мен емдеуге барлық жағдай жасалған.

Жаңа нысан жұқпалы қауіп-қатерлерге жедел әрекет ететін ұлттық жүйенің негізгі тірегіне айналып, ғылыми әзірлемелер мен кәсіби мамандарды даярлаудың базасы болады деп күтілуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove