“6 айдан бері аңдып келеді”. Қызылордалық ару белгісіз ер адамның қысымына ұшырағанын айтты

Қаракөз Амантай 16 қаң. 2026 17:09

Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласының тұрғыны өзін ұзақ уақыттан бері белгісіз ер адам аңдып, психологиялық қысым көрсетіп жүргенін мәлімдеді. Жәбірленуші аталған жағдайға қатысты құзырлы органдардан көмек те сұраған. Өкінішке қарай, бұл әрекеті нәтиже бермеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жазира Қуанышбай есімді ару әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше жазба жариялап, алты айдан бері сталкингтің құрбаны болып жүргенін жеткізді. Айтуынша, әлі күнге дейін белгісіз адам тарапынан қорқыту және психологиялық қысым жалғасып келеді. Осыған байланысты ол полиция мен прокуратураға 2–3 рет ресми арыз жазғанын, сондай-ақ қауіпсіздігі үшін 102 нөміріне жиі хабарласуға мәжбүр екенін алға тартты.

Жәбірленуші арыздарында күдіктінің аңдып жүргенін растайтын фото және видео дәлелдерді полицияға тапсырғанын жазған. Алайда оның сөзінше, прокуратура бұл істі полицияға жолдаған, ал полиция өз кезегінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ деген уәжбен істі “номенклатуралық іс”ретінде жауып тастаған.

Әлеуметтік желідегі жазбаларында жәбірленуші жұмыс пен үй арасында жалғыз жүрмейтінін, күнделікті өмірде бойын қорқыныш билейтінін айтып дабыл қақты. Айтуынша, барлық әрекет жасалғанына қарамастан, күдікті тарапынан қысым әлі де тоқтамаған.

Сондай-ақ жәбірленуші E-Otinish платформасы арқылы Қызылорда қаласының Полиция басқармасына және Қызылорда облысының прокуратурасына бірнеше рет жүгінгенін хабарлады. Алайда өтініштері нақты нәтиже бермеген. Қайта жолданған шағымдарға бұрынғыдай бірдей мазмұндағы жауаптар келген.

Мені міндетті түрде алып қашып, зорлау керек пе? Әлде Нұрай секілді өліп қалғанымды күту керек пе?”, - деп күйінді ару.

Сондай-ақ жәбірленуші бұл жағдайдың өзінің ғана емес, ата-анасының, отбасының, туған-туыстары мен әріптестерінің де жүйкесіне ауыр салмақ түсіріп отырғанын атап өтті.

Қоғамда резонанс тудырған бұл жазбалардан кейін бірқатар желі қолданушылары, оның ішінде журналистер мен белсенділер, жәбірленушіге қолдау білдіріп, істі қоғам талқысына шығаруға шақырды. Кейбірі құқық қорғау органдарын қыздардың қауіпсіздігіне қатысты шараларды қатаңдатуға үндеді.

Қазіргі уақытта жәбірленуші өзіне нақты қауіп төнуі мүмкін екенін айтып, қоғам мен мемлекеттік органдардан нақты әрекет күтетінін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove