Құқықтық сауатты арттыру тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың жолын кеседі - заңгер

Dalanews 25 ақп. 2023 14:09 718

"Қазақстанда құқықтық мәдениеттің қалыптасуы үшін үнемі құқықтық сауат, құқықтық сана керек" дейді заңгер, «Street Law Kazakhstan» балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі білім беру жобасының үйлестірушісі Халида Әжіғұлова.

Елімізде зорлық-зомбылық құрбандары күн санап артуда.

Dalanews.kz-ке пікір білдірген сарапшы отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын-алудың алгоритмдерін айтып, осы мәселенің түйткілді тұстарына тоқталды.

Ең бірінші – қауіпсіз үй: отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, агрессорлармен жұмыс істеу және зорлық-зомбылықтан зардап шеккен ересектер мен балаларға кешенді қолдау көрсету туралы заң жобасын қабылдау.


2022 жылы жұмыс тобы тұрмыстағы зорлық үшін жазаны қатаңдататын заң жобасын дайындаған. Бірақ заңға ұсынылған толықтырулар әлі қабылданбады.



Бұл тұрғыда заңгер, адам құқықтары жөніндегі сарапшы Халида Әжіғұлова абьюзерлерге қарсы істерді қарайтын полицейлер, прокурорлар мен соттар жынысына қарамастан, көбіне гендерлік стереотиптерге бейім келетінін айтады.

– Басында әйелін ұрған адамдардың жазасын жеңілдетіп, бұл бапты Қылмыстық кодекстен алып тастады. Өйткені, елдегі қылмыстық құқықбұзушылықтар санын жасанды түрде азайту қажет болды. Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру баптары Әкімшілік кодекске ауысты. Қылмыс азайғандай көрінді. Бірақ іс жүзінде мәселе шешілген жоқ. Жыл сайын полицияға 150 мыңға жуық арыз түседі. Олардың 25 пайызы ғана сотқа жетеді. Қазір полиция бұл баптарды қылмыстық кодекске қайтарса, 150 мың құқықбұзушылық елдің рейтингіне кері әсер етеді деп қорқып отырған сияқты, – дейді Әжіғұлова.

Сарапшы бұл мәселенің түп-тамыры гендерлік теңсіздікте – полиция, прокуратура мен соттағы лауазымды қызметтерде әйелдер болмағанында деп түсіндіреді. Бұл өз кезегінде заңнамалық деңгейде шешім шығаруға әсер етеді.


«Осындай маңызды қызметтерде отырған ер адамдар кәсіби деформация салдарынан гендерлік зорлық пен дискриминация мәселе емес деп ойлайды. Өздерінің басына түспесе, бұл мәселемен шаруасы жоқ. Полиция қызметкерлері, ішкі істер министрі ешқашан бопсалауға ұшырап, таяқ жеп не зорлық құрбаны болмайтынын білеміз. Мәселені құнсыздандыру осылай жүреді», – дейді заңгер.

Оның атап өткеніндей балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет.

Яғни, балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық істерін салғыртпен тергегені үшін құқық қорғау органдарының жауапкершілігін күшейтіп, Ішкі істер органдарында балаларға жыныстық зорлық жасағаны үшін сотталған адамдарды өмір бойы электрондық профилактикалық есепке алуды қажеттігін ескертеді.


Заңгердің пікірінше, ол үшін мектептер мен балабақшалар қауіпсіз болуы тиіс. «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, шабуылдардың және педофилдердің балаларымызды зорлауының алдын алу мақсатында мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздік шараларын реформалау. Педагогтер, білім беру мекемелерінің тәрбиешілері, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қорғау ұйымдарының және құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан балаларды күту (жыныстық қатынасқа түсу) үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізген жөн» дейді.

Мұның астары қайда жатыр? Бұл тұрғыда сарапшы халықтың көпшілігі өздерінің құқығын, міндетін ұғынғысы келмейді, оны ерттеп, білуге тырыспайтынын айтады.

«Негізінде құқықтық ағарту мектеп кезінен басталу керек. 1 сыныптан бастап балаларға заңдағы өз құқықтарын, міндеттерін түсіндіру қажет. Бала Қазақстан Республикасының Ата Заңындағы ережелерді сақтауды, өзгелердің шекарасын бұзбауды үйренуі керек.

Қысқаша айтқанда, өзгенің құқығына сыйластықпен қарауды бала бойына сіңіріп өсуі тиіс. Бізде балаларға өзгеге қол көтеруге болмайды, өзгені балағаттауға болмайды деген тыйымдар айтылып жатады. Бірақ заңның негізінде айтылмайды. Егер Конституция бойынша түсіндірілсе, әсері мен нәтижесі басқаша болар еді», – дейді заңгер.

Сондай-ақ, ол Street Law Қазақстан жобасы аясында 1 сыныптан бастап сабақ беретінін де жеткізді.

«Бұл тек бастама ғана. Яғни, біз үшін балаларды ерте кезден құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу өте маңызды. Себебі, бүлдіршіндердің миы сергек, әрі ақпаратты тез қабылдайды. Ересектер үшін коммуникация құралдарын, ғаламтор мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, құқықтық сауаттылыққа бағытталған контент өте көп. YouTube, Instagram сынды әлеуметтік желілермен қоса, бұндай бағдарламаларды телеарналарда шығару да маңызды деп ойлаймын.

Яғни, отандық БАҚ-тарда осы тақырыпқа арналған айдарлар енгізілсе деймін. Сала мамандарымен сұхбаттасып немесе танымал адвокат, заңгерлерден ақпарат алып, бұқарамен бөлісу қажет. Олар оқырмандармен кері байланыс орнатып, сұрақтарға жауап беріп, белгілі бір жағдайда адам өзін қалай ұстап, қалай қорғану керектігін түсіндіре алар еді», – деп түйіндеді пікірін заңгер, адам құқықтары жөніндегі сарапшы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар