Алаш зиялылары туралы ірі жобалар түсірген продюсер Айсәуле Әбілда әлеуметтік желіде Алматы полициясының әрекетіне қатысты мән-жайды толық баяндап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін ол әлеуметтік желіде Алматы полициясының әрекетіне күйініп, көлік айдап, күнін көріп жүрген жігіттерді полиция түсірілім кезінде бір тәулікке қамағанын жазды.
"Осы оқиға болған соң біздің 3 жүргізушіні қамап, көліктерін айыппұл тұрағына қойып тастады. Біз бұл оқиға орын ала сала, полицияның хаттамасын күттік. Ертесіне Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына барып, полициядағы құжаттар келгенін тағы күттік. Ол жерде мені сотқа қатыстыру жөнінде өтініш жаздым, алайда оны қарап үлгерместен жүргізушілерде уатсаппен онлайн сот басталып кетті. Ол жерде 3 жүргізушіні де бір жылға көлік айдау құқығынан айырып тастады. Кино екенін, бірінші рет болғанын, жартылай болса да рұқсатымыздың барын, барлық органды ескертуге талпынғанымызды ескерген жоқ", - деді ол.
Продюсердің сөзінше, ақысына адвокат жалдап, бір жүргізушінің құжаттарымен қалалық сотқа аппеляциялық шағым түсірген.
"Оның соты кеше болып, алдыңғы соттың шешімі өзгеріссіз қалды", - деді ол.