19,2 трлн теңге: Мәжіліс үш жылдық бюджетті бекітті

Қаракөз Амантай 22 қаз. 2025 14:47

Мәжіліс депутаттары "2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңды қабылдап, елдің әлеуметтік-экономикалық бағытын айқындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құжаттың негізіне әлемдік экономиканың қалыпты өсімі, инфляцияның бәсеңдеуі және қаржы нарығындағы тұрақтылық алынған.

Болжам бойынша, алдағы орта мерзімді кезеңде ішкі жалпы өнімнің орташа өсімі 5,3 пайыз шамасында болмақ.

2026 жылы республикалық бюджет кірісі 19,2 триллион теңге, 2027 жылы — 21,2 триллион теңге, ал 2028 жылы 23,2 триллион теңгеге жетеді деп жоспарланған.

Шығыстар көлемі де кезең-кезеңімен артады:

  • 2026 жылы — 27,7 трлн теңге,
  • 2027 жылы — 28,8 трлн теңге,
  • 2028 жылы — 29,8 трлн теңге.

Өңірлерге қосымша қолдау

Бюджетті талқылау кезінде депутаттар аймақтардың дамуына басымдық беруді ұсынды. Осы мақсатта Үкімет резервінен 30 миллиард теңге, ал мемлекеттік қарызды өтеу есебінен 16,5 миллиард теңге қосымша бөлінбек.

Бұл қаражат:

  • жылу және электр энергетикасын жаңғыртуға,
  • газ және су жүйелерін жетілдіруге,
  • өзен-көл жағалауларын нығайту сияқты инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады.

Жедел жәрдем қызметін күшейтуге де ерекше көңіл бөлінді. Қосымша 5 миллиард теңге осы салаға жұмсалмақ.

"Біз тек мәселені айтып қана қоймай, оны шешуге нақты қадам жасаймыз. Бұл қаржы жетіспейтін өңірлерде жаңа жедел жәрдем бригадаларын ашуға, базаны жаңартуға және қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл шешім адам өмірін сақтауға бағытталған", — деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Ғылым мен мәдениет

Заң жобасы аясында қатерлі ісікке қарсы радиофармацевтикалық препараттарды өндіруге қаржы қарастырылды. Бұл Қазақстанға дәрі-дәрмекті өз ішінде ғана емес, сыртқы нарыққа да экспорттауға жол ашады.

Сонымен қатар қосымша қаражат төмендегі салаларға бөлінеді:

  • 1,6 млрд теңге — Республикалық физика-математика мектебіндегі ұстаздардың жалақысы мен оқушылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға;
  • архивтер мен кітапханалардың материалдық-техникалық базасын күшейтуге;
  • Ұлттық ғылым академиясының ағымдағы шығындарын өтеуге;
  • 111 млн теңге — қазақ тілінің Ұлттық сөздік қорын жасауға;
  • қазақ тіліндегі мультфильмдерді өндіру мен таратуға;
  • «XXI ғасыр көшбасшысы», «Азамат» және «Жайдар» сияқты зияткерлік жобаларды қолдауға.

Бюджет жобасын талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары заңды қабылдады.

Бұл құжат — елдің экономикалық тұрақтылығын сақтаумен қатар, әлеуметтік әділдікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Бұған дейін

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ұлттық компаниялардың мемлекетке төлейтін дивиденд көлемі тым аз екенін сынға алған болатын. Оның айтуынша, ірі квазимемлекеттік холдингтер миллиардтаған табыс таба тұра, бюджетке мардымсыз қаржы аударады, ал оның есебінен әлеуметтік сала мен аймақтық жобалар зардап шегіп отыр.

"Бұл – әділетсіздік. Мемлекеттік активтерден түскен кіріс ең алдымен халық игілігіне жұмсалуы тиіс", – деген еді ол. 

Перуашевтың айтуынша, «Ақжол» партиясы мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындардың барлық қаражатын тек бюджет арқылы өткізу талабынан бас тартпайды.

"Біз 2024 жылдың бюджетін бекіткен кезде квазимемлекеттік сектордың барлық табысын бюджеттің кіріс бөлігіне енгізу туралы ұсыныс жасадық. Алайда бұл талаптың орнына «Самұрық-Қазына» қоры жүйе құраушы компаниялардан түскен табыстың 50 пайызын өздері қалаған бағыттарға жұмсау туралы норма қабылдатты. Ал «Бәйтерек», даму институттары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сияқты құрылымдар тағы да бюджеттен тыс қалды", - деді ол.

Депутаттың мәлімдеуінше, Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» қорының 11 еншілес компаниясынан түскен 347 млрд теңге табыс бюджетке түспегенін анықтаған.

"Қордың қаржылық кірістері, есепшоттардағы банк пайыздары, валюта бағамының айырмасынан түскен пайда және басқа да табыстары мемлекет бюджетіне бағытталмай жатыр. 2024 жылы бұл кірістердің жалпы көлемі 1 трлн 250 млрд теңгеден асқан. Бұл сома есепке алынбаған және ел қазынасына түспеген. Ал осының үстіне қордың тікелей сатып алу үлесі 56 пайыздан 60 пайызға дейін өсіп, 2 трлн 200 млрд теңгеге жеткен. Осылайша, ашықтық пен бәсекелестік қағидалары өрескел бұзылып отыр. Мысалы, KEGOK акционерлік қоғамы жабдықтарды нарық бағасынан үш есе қымбатқа сатып алған", - деді Перуашев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар