Қазақстанда инклюзивті білім беру саласы соңғы жылдары қарқынды әрі жүйелі түрде дамып келеді. Бұл бағыт мемлекетіміздің әлеуметтік және гуманитарлық саясатының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту процесіне тартумен қатар, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасауға бағытталған тұтас әлеуметтік жүйе. Әрбір баланың жеке қабілеті мен ерекшелігін ескере отырып, білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету – әділетті және өркениетті қоғам қалыптастырудың басты қағидаларының бірі.
Осы мақсатта мемлекет пен қоғам күш біріктіріп, білім беру инфрақұрылымын дамыту, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және қолдау тетіктерін жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдап келеді. Қазіргі таңда елімізде инклюзивті білім беруді дамытуға арналған стратегиялық бағдарламалар мен инновациялық жобалар жүйелі түрде іске асырылып, олардың нәтижелері білім беру жүйесінде айқын көрініс табуда.
Елімізде инклюзивті білім беруді дамытуда шешуші рөл атқарып отырған жетекші мекемелердің бірі – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы. 1992 жылы құрылған бұл орталық ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білімге қол жеткізуін ғылыми және әдістемелік тұрғыдан қолдап келеді. Орталық тек диагностикамен шектелмей, ғылыми зерттеулер мен инновациялық тәсілдерге негізделген оқу-әдістемелік құралдар әзірлеп, педагогтерге кешенді кәсіби сүйемелдеу көрсетеді.
Бүгінде елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 240 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш – жай статистикалық дерек қана емес, мемлекет пен қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін айқындайтын маңызды өлшем. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында мемлекет нақты шаралар қабылдап отыр. «Білім туралы» заңда әр баланың сапалы білім алу құқығы заңмен кепілдендірілсе, жақында «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл құжат баланы ерте жастан бастап кәмелетке дейінгі кезеңде жүйелі сүйемелдеуге бағытталған.
Инклюзияны дамытудың маңызды жаңалықтарының бірі – 2021 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің штаттық кестесіне педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Бұл мамандар баланы жеке оқыту траекториясы бойынша сүйемелдеп қана қоймай, оның оқу процесіне белсенді қатысуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда педагог-ассистенттер мектептермен қатар мектепке дейінгі ұйымдар мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде де қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар, жалпы білім беру ұйымдарының құрылымына арнайы педагогтер енгізіліп, олар мектептің психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің негізгі буынына айналды.
Кадрлық қолдау шараларымен қатар, жүйелік жаңашылдықтар да енгізілуде. 2022 жылы ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қағидалары бекітіліп, олардың негізінде үш деңгейлі жаңа модель қалыптастырылды. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қолдау кабинеттері мен жеке оқу бағдарламалары жаңартылып, сапалы білім алу үшін қосымша жағдай жасалды. Бұл – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тиімді әрі жүйеленген үлгі.
Инфрақұрылымдық тұрғыдан да елеулі өзгерістер байқалады. Қазіргі таңда елімізде 509 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 46 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 110 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 230 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК), 11 аутизм орталығы және 13 оңалту орталығы бар. Соңғы жылдары инклюзивті кабинеттердің саны артып, бүгінде 1000-нан астам қолдау кабинеті ашылды. Мұндай қадамдар қоғамда инклюзивті білім беруге деген сенімді күшейтті. Еліміздегі мектептердің 91 пайызы ерекше балаларға қолайлы жағдай жасаған.
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Соңғы екі жылда 97 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен, 16 әдістемелік ұсыным және 88 типтік оқу бағдарламасы әзірленіп, оқу тәжірибесіне енгізілді. Бұл – кадр даярлау ісіндегі жүйелі жаңашылдық пен сапалы білім берудің кепілі.
Қазақстандағы инклюзивті білім беру тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық ынтымақтастық аясында да дамып келеді. Бұл бағыттағы маңызды оқиғалардың бірі – Алматы қаласында алғаш рет өткен World Inclusion Congress (WIC 2025). Ауқымды халықаралық шара Қазақстанның инклюзивті білім беру саласындағы тәжірибесін әлемге танытып қана қоймай, еліміздің жаһандық білім беру бастамаларына белсенді қатысуын көрсетті. Дүниежүзілік конгресс аясында әлемдік сарапшылардың қатысуымен Инклюзивті білім беру жөніндегі Алматы декларациясы талқыланып, инновациялық жобалар мен цифрлық шешімдер ұсынылды. Бұл бастама Қазақстанның аймақтық көшбасшы әрі жаһандық бастамаларды дамытушы ел ретіндегі рөлін күшейтіп, елді инклюзивті білім берудің халықаралық хабына айналдырды.
Инклюзивті білім беру – әділеттілік, тең мүмкіндік және адамгершілік қағидаттарына негізделген дамыған қоғамның айқын көрсеткіші. Әр балаға сапалы білім алу мүмкіндігі жасалған жағдайда ғана елдің адами капиталы нығайып, өркениетті қоғам қалыптасады. Мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті – әрбір балаға сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету. Қазақстанның осы бағыттағы тәжірибесі мен халықаралық ынтымақтастығы инклюзивті білім беруді одан әрі дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз.
Лаура Бұтабаева,
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың
Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры