Жамбылда есектер жайлауды жайпап тастаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы меншікті журналист Нұрадин Рақай жазды.
"Жамбылдың есектері жарап тұр. Жұрты жылап жүр. Қытайлық инвестор есекпен ақ елді-мекендерді жаулап алды. Әңкісі ақырып, мекіші бақырып ен далада еркін жүрген 3 мың есек жайлау біткенді жайпап тастаған. Екі ауданның ауылдарына ауыз салған. Құны 3.5 млрд теңгенің жобасы бойынша сүтінен дәрі, етінен азық, терісінен тауар экспорттауға құлықты қытайға, жергілікті билік жер бермедік дейді. Бірақ берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан қылған ау", - дейді журналист.
Қазір Байзақ пен Талас аудандарының бірнеше ауылын есек басып алған. Өріс біткен өлексе дейді жұрт.
"Өйткені жердің беті тып-типыл. Мұнша көлемдегі есек шабындықтың шаңын, шұрайлы жердің құтын қашырған. Азайып жатқан есек жоқ. Әр аймақтан 25-30 мыңға есек сатып алып, көбейген үстіне көбейіп жатыр. Ешкім бақпайды. Әкеледі, басы ауған жаққа жібере салады. Мыңғырған есек тіпті мемлекеттің бақылауындағы орман алқабын жермен жексен еткен", - дейді ол.
Сонымен өатар, Талас өзенінде өліп жатқан есек санының есебі жоқ.
"Ал ол сумен қанша ауыл су ішеді. Берісі, Шахан, Бостандық, Талапты. Аяғы Түркістан барып тіреледі. Әй деп жатқан эколог жоқ, қой деп жатқан вет инспекция жоқ. Бас қатырған билік жоқ. Осы жер бермедік деп алдай салмады ма екен деген ой келеді. Ендігі жерде есек үшін елді-мекендерді көшірмесе тіршілік тұралады дейді тұрғындар. Мына ахуалмен ауру тараса алапат эпедемия болары сөзсіз. Осылайша, есекпен жаулау операциясы ата-қоныстан айыруға айналған. Құты қашқан көп көмек сұрайды.
Кеше жантақ жеп келдім деп ем ғой. Жұрт арқалағаның қане деп жатыр", - дейді журналист.