Қазақстанда жан басына шаққандағы күнкөріс минимумы 72 мың теңгеден асты. 2026 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш айына 72 791 теңге болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, күнкөріс минимумы екінші тоқсанмен салыстырғанда 7,65%-ға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 20%-ға өскен. Еске салсақ, биылғы екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 67 618 теңге болған еді.
Күнкөріс минимумы адамның негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажет ең төменгі шығын көлемін көрсетеді. Оның ішінде 40 035 теңге немесе 55%-ы азық-түлікке жұмсалса, қалған 32 756 теңге азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен түрлі қызметтерге арналған.
Мамандар бұл көрсеткішті республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін және зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде қолданылатын күнкөріс минимумымен шатастырмауға шақырады.
Өңірлер арасында ең жоғары күнкөріс минимумы Алматы қаласында тіркелген. Мұнда бір адамға қажетті ең төменгі айлық шығын көлемі 80 928 теңгені құрады. Одан кейінгі орындарда Маңғыстау облысы (78 678 теңге) мен Шығыс Қазақстан облысы (76 283 теңге) тұр.
Астана қаласында күнкөріс минимумы 75 486 теңге болса, Шымкентте 70 675 теңге деңгейінде қалыптасты.
Ал ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында байқалды. Бұл өңірде бір адамға шаққандағы күнкөріс минимумы 63 796 теңге болды.
Жылдық өсім бойынша Қызылорда облысы көш бастады. Мұнда көрсеткіш бір жылда 26,8%-ға артқан. Алматы қаласында өсім 26,3%-ды, ал Жамбыл облысында 25%-ды құрады.
Жалпы, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстан бойынша жан басына шаққандағы орташа күнкөріс минимумы айына 68 188 теңге болған.