«Самұрық-Қазына» қорында жарақаттану деңгейі 16 пайызға қысқарды

Dalanews 10 нау. 2023 06:03 635

Бұл туралы Болат Жәмішевтің төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында қордың басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов хабарлады. Қоғамдық кеңестің кезекті ашық отырысы «Самұрық-Қазына» қорына қарайтын компаниялардағы еңбекті қорғау мәселесіне арналды.


Оған кеңес мүшелерімен қатар, қазақстандық қоғам белсенділері, саясаткерлер мен сарапшылар қатысты. «Самұрық-Қазына» қорының қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, 2022 жылы қолға алынған шаралардың нәтижесінде компаниялар тобындағы жалпы жарақаттану деңгейі 2021 жылмен салыстырғанда 16% қысқарған.



LTIF жарақаттану коэффициенті, яғни жұмысшының уақытша еңбекке жарамсыздығына әкелген жарақаттардың жиілігі 0,16-ны құраса, өлім жағдайларының коэффициенті 11%-ға төмендеді. Ғибрат Ауғанов бұл ретте портфельдік компаниялар мен тәуелді, еншілес ұйымдардың бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру қолға алынғанын атап өтті.

«Оның аясында Қазақтелеком, KEGOC, QazaqGaz және Samruk-Kazyna Ondeu компанияларында Қор тәжірибесіне сүйене отырып алғаш рет өндірістік қауіпсіздік бойынша мамандандырылған форумдар өткізілді. Онда тәуелді еншілес ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердің басшылары өндірістік қауіпсіздік бойынша өз мойнына жеке міндеттемелерді алды. Бұдан бөлек, портфельдік компаниялардың бірінші басшылары кемінде 2 айда 1 рет еншілес, тәуелді ұйымдардың өндірістік алаңдарына барып, тексеру жүргізу тәртібі белгіленді. Бұл жұмыс қазіргі таңда да жүргізіліп жатыр. 2022 жылы мұндай 43 тексеру болды», – деді Ғибрат Ауғанов.


Сондай-ақ, ол Ұлыбританияның Қауіпсіздік техникасы және денсаулық сақтау институты мақұлдаған «Еңбек қауіпсіздігінің мәдениеті» атты корпоративтік оқу курсын әзірленгеніне назар аударды. Бұл курс бойынша өндірістік қызметкерлерді 100% оқытуды жоспарланған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар