Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ Ресей президенті Владимир Путинді G20 саммитіне шақырған жағдайда, онымен кездесу үшін Майамиге баратынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Зеленский DW басылымына берген сұхбатында айтты.
Украина президенті АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнермен кездесуінде энергетика, астық мәселесі және деэскалацияға бағытталған алғашқы қадамдарды талқылағанын жеткізді.
«Мүмкін, кейбіреулерге “атысты тоқтату” деген тіркес ұнамайтын шығар. Маған оның ұнайтыны не ұнамайтыны маңызды емес. Біз өмірді жақсы көреміз, біз бейбітшілікті қалаймыз. Сондықтан “атысты тоқтату” сөзі ұнамаса, оны “бітім”, “тыныштық режимі” деп атайық. Атауы маңызды емес», – деді Зеленский.
Оның айтуынша, басты мақсат – қандай да бір келіссөзге алып келетін қадам жасау.
«Энергетика мен астық мәселесі – бірінші қадам. Біз ең алдымен осыған қол жеткізе аламыз», – деді Украина президенті.
Журналистер одан АҚШ Владимир Путинді 14–15 желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырса, не болатынын сұраған.
Зеленский мұндай жағдайда Путинмен сөйлесу үшін Майамиге баратынын айтты.
«Мен барамын. Бізге кездесіп, сөйлесіп, шешім қабылдау керек. Мәселе менің оған не айтатынымда немесе оның маған не айтатынында емес. Маңыздысы – нәтиже. Тек нәтиже маңызды», – деді Владимир Зеленский.