«АҚБАЛА»: «Қан мен тер» балет сахнасында қайта жаңғырды

«АҚБАЛА»: «Қан мен тер» балет сахнасында қайта жаңғырды

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-театр маусымын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» роман-эпопеясы желісімен қойылған «АҚБАЛА» ұлттық балетінің премьерасымен ашты, деп хабарлайды dalanews.kz.

12 қыркүйекте өткен қойылым толық аншлагпен өтіп, Алматының мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Театр тарихында алғаш рет әйгілі трилогия балет тілімен жаңаша интерпретацияланды.

«АҚБАЛА» спектаклінде тарихи өзгерістер кезеңіндегі адам тағдыры, әйелдің махаббаты мен ана болмысы, үміт пен қасірет, таңдау мен жоғалту тақырыптары хореография, пластика және музыка арқылы жеткізілді. Қойылымның маңызды көркемдік желілерінің бірі — Арал теңізінің қасіреті.

Спектакльде балет труппасы, симфониялық оркестр, опера солистері мен хор бір сахнада тоғысып, көне қазақ аспабы қылқобыздың үні қойылымның атмосферасын толықтырды.

Басты партияларды Милана Рахимбекова (Ақбала), Архат Әширбек (Еламан) және Рүстем Иманғалиев (Тәңіберген) орындады.

Қойылымның бас демеушісі — Тимур Құлибаевтың «HALYK» қайырымдылық қоры. «АҚБАЛА» қазақ балет өнерінің көрнекті өкілдері Людмила Рудакова мен Эдуард Мальбековтің рухына арналды.

Театр музейі жаңа форматта ашылды

Премьера қарсаңында Абай атындағы театрдың жаңартылған интерактивті музейі де көрерменге есігін ашты. Мұнда театр тарихы мен оның көрнекті тұлғалары туралы ақпарат заманауи интерактивті форматта ұсынылған.

Музей қорына театр-суретшілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі Владимир Колоденконың балеринаны бейнелеген сирек картинасы қосылды. Туындыны театр хор ұжымының амбассадоры Зауре Розмат пен анасы Разия Есенбаева сыйға тартты.

Осылайша театрдың жаңа маусымы ұлттық әдеби мұраны балет өнерімен сабақтастырған «АҚБАЛА» премьерасымен және театр тарихын жаңа форматта таныстыратын жаңартылған музейдің ашылуымен басталды.