Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабында алғаш рет АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. Ол Нью-Йоркте өткен US Open финалында Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Финалдық кездесуде Рыбакина қарсыласын 6:4, 5:7, 6:2 есебімен ұтты. Теннисшілер кортта 2 сағат 23 минут ойын көрсетті.
Матч барысында қазақстандық спортшы 12 эйс жасап, бес рет қосарланған қателік жіберді. Сондай-ақ 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Осылайша, Елена Рыбакина мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» жүлдесін иеленді. Қазақстандық теннисшінің бұған дейінгі ірі жеңістері 2022 жылғы Уимблдон және 2026 жылғы Australian Open турнирлерінде тіркелген.
Рыбакина үшін 2026 жыл ерекше табысты өтіп жатыр. Маусым басында ол Australian Open турнирінде чемпион атанса, енді АҚШ ашық чемпионатында да топ жарды.
Сонымен қатар бұл жеңіс қазақстандық теннисшіге әлемдік рейтингте тарихи нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Елена Рыбакина дүйсенбі күні WTA рейтингінде алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанады. Бұл – Қазақстан теннисі тарихындағы тұңғыш көрсеткіш.
Арина Соболенко үшін де бұл финал ерекше болды. Беларусь теннисшісі US Open-нің былтырғы чемпионы еді. Алайда биылғы шешуші кездесуде Рыбакина басым түсті.
Осы жеңістен кейін Рыбакинаның Соболенкоға қарсы WTA турнирлеріндегі финалдық кездесулердегі жалпы есебі 5:2 болды.
Елена Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі жеңістері:
- Уимблдон – 2022;
- Australian Open – 2026;
- US Open – 2026.