Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұзақ жылдар еңбек еткен белгілі ғалымдар мен қаламгерлердің қызметтен кетуі қоғам назарын аударды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналистика факультетінің ардагер ұстаздары Кәкен Қамзин, Темірғали Көпбай, Мұрат Шаймаран және Ермахан Шайхы әлеуметтік желі арқылы жариялаған ашық мәлімдемесінде факультеттегі кадрлық саясатқа наразылық білдіріп, оқу орнынан кететіндерін мәлімдеді.
Олардың айтуынша, соңғы жылдары факультетте басқарушылық тұрақсыздық күшейіп, бес жылдың ішінде бес декан ауысқан. Ұстаздар бұл жағдай факультеттің ғылыми және шығармашылық дамуына кері әсер еткенін алға тартады.
Мәлімдеме авторларының қатарында ондаған жыл бойы журналист мамандарды даярлап келген тәжірибелі педагогтер бар. Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин факультетте 32 жыл дәріс берген. Ал ақын, журналист, ғалым Темірғали Көпбай 12 жыл, жазушы-сатирик Ермахан Шайхы мен әдебиеттанушы Мұрат Шаймаран 20 жылдан астам уақыт болашақ журналистерді оқытқан.
Ұстаздар өз үндеуінде факультет басшылығына қатысты пікірлерін ашық айтып, кәсіби әрі беделді мамандардың пікіріне құлақ асылмағанын жеткізді. Сондай-ақ олар жоғары оқу орнындағы басқару шешімдерінің ашықтығы мен әділдігіне қатысты мәселелер көтерді.
Университет мәлімдемесі
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аталған жағдайға байланысты ресми түсініктеме берді. Университет мәліметінше, профессор Кәкен Қамзин мен доцент Темірғали Көпбайдың еңбек шарттарының мерзімі аяқталған. Ал Ермахан Шайхы конкурстық комиссия рәсіміне қатысудан бас тартқан болса, Мұрат Шаймаран академиялық талаптарға сәйкестігін бағалау конкурсында қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаған.
Университет өкілдері оқытушыларды жұмысқа қабылдау және қызметін жалғастыру мәселесі жыл сайын өткізілетін конкурстық рәсімдер арқылы жүзеге асырылатынын, барлық шешімдер қолданыстағы заңнама мен ішкі нормативтік құжаттарға сәйкес қабылданатынын атап өтті.
Дегенмен қоғамда талқыланып жатқан басты мәселе – журналистика саласында мол тәжірибе жинақтаған, ондаған кітаптың авторы атанған және бірнеше буын журналисті тәрбиелеген білікті мамандардың жоғары оқу орнынан кетуі болып отыр. Сарапшылар мұндай кадрлардың университеттен кетуі журналистика білімінің сапасына және кәсіби сабақтастықтың сақталуына әсер етуі мүмкін екенін айтуда.
Қазіргі таңда бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, білім беру қауымдастығы арасында түрлі пікірлер туғызуда.