Қазақстанның сыртқы саудадағы осалдығы жүйелі сипатқа ұласып барады - сарапшылар

Кәмшат Тілеухан 25 шіл. 2025 14:31

2025 жылдың алғашқы бес айында отандық экспорттаушылар сыртқы саудада 29,8 млрд доллар табыс тапты, бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9,2%-ға аз (сол кезде 32,8 млрд доллар болған). Демек, елімізге былтырғы жылдан 3 млрд доллар кем табыс түскен,деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кеміген соманың негізгі бөлігі, яғни 2,4 млрд доллары мұнай мен газ сияқты отын-энергетикалық тауарларды экспорттау кезінде орын алған шығындарға тиесілі. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Қазақстан шетелге 29,1 млн тонна мұнай сатты, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 31,2 млн тоннаны құраған (-6,6%). Мұнай сатудан түскен табыс та 13,9%-ға немесе 2,6 млрд долларға қысқарып, 16,9 млрд долларға дейін төмендеген.

Осы кезеңде металлургия өнеркәсібінің көптеген тауарлары бойынша да экспорт көлемі азайған: тазартылған мыс – 20,6%, мыс кендері мен концентраттары – 26,8%, темір кені – 16,4%-ға, алюминий – 10,4% төмендеген. Бұған қоса, Қазақстан өз сауда серіктестеріне уранды 24,2% аз сатты.

"Сонымен қатар, кейбір тауарлардың экспорты, керісінше, артты. Мысалы, ферроқорытпалар – 8,1%, бидай мен меслин – 58,3%, темірден жасалған прокат – 13,1% өскен. Бұдан бөлек Өскемендегі Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнында Қытай үшін өндірілетін ядролық реакторларға арналған жоғары технологиялы бірегей өнім – жылу бөлгіш жинақтарын еліміз екі есе көп экспорттады", - дейді Finprom сарапшылары.

Қазақстан өнімінің негізгі сатып алушылары өзгерген жоқ. Былтырғыдай, экспорттың ең үлкен үлесі Италияға тиесілі – жеткізулердің шамамен ширегі немесе 6,9 млрд доллар (-11%). Екінші орында – Қытай (5,2 млрд доллар), үшінші орында – Ресей (2,9 млрд доллар).

Экспорт көлемінің ақшалай мәнде қысқаруы Қазақстанның сыртқы сауда айналымының жалпы динамикасына кері әсер етті. 2025 жылдың алғашқы бес айында сыртқы сауда айналымы 53,5 млрд долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5% аз. Сол уақытта импорт 2,2% өскен.

"Кедендік статистика деректерінің көпжылдық серпіні Қазақстан экспортының шикізатқа тәуелділігі соңғы жылдары айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отырғанын көрсетеді. 2019 жылдан 2024 жылға дейін экспорттағы отын-энергетика тауарларының үлесі 65% -67% шегінде ауытқып отырды, ал 2025 жылғы қаңтармамырда олардың үлес салмағы 56,9%-ға дейін азайды. "QazTrade" АҚ ақпараты бойынша, өткен жылы сыртқы саудадағы жоғары қайта бөлінген тауарлардың үлесі небәрі 13,5% -ды құрады. Бұл ретте бір жыл ішінде көрсеткіш тек 1,4 пайыздық тармаққа өсті. Осы жағынан алғанда, Қазақстанның сыртқы саудадағы осалдығы жүйелі сипатқа ұласып барады, өйткені минералды шикізат еліміздің негізгі экспорттық тауары болып қала беруде, ол әлі әртараптандырылмаған",- дейді сарапшылар.

Бұған дейін сайтымызда "Экспорт қысқарып, импорт ұлғаюда". Сарапшылар алда теңгеге қысым күшейе беретінін болжайды" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар