"Экспорт қысқарып, импорт ұлғаюда". Сарапшылар алда теңгеге қысым күшейе беретінін болжайды

Dalanews 22 шіл. 2025 15:01

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы еліміздің сыртқы сауда айналымына шолу жасады. Жалпы көрсеткіштерге қарасақ, биылғы бес айдағы сауда айналымы былтырғы кезеңмен салыстырғанда 4,5%-ға төмендеп, 53,5 млрд долларды құрады. Оның негізгі себебі – экспорттың күрт азаюы (-9,2%), ал импорт, керісінше, 2,2%-ға артқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазақстан экспортының құлдырауына негізінен шикізат өнімдері бағасының төмендеуі әсер еткен. Атап айтқанда, минералдық өнімдер экспорты 2,7 млрд долларға, химия өнімдері 399 млн долларға қысқарған. Дегенмен бұл төмендеу азық-түлік экспортының (+764 млн доллар) өсуімен ішінара өтелді. Бұған әлемдік нарықта ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының өсуі ықпал етті. Нәтижесінде экспорт құрылымындағы мұнай үлесі былтырғы 56,4%-дан биыл 52,9%-ға дейін азайды", - дейді қауымдастық сарапшылары.

Биылғы бес айдағы Қазақстанның негізгі сауда серіктестері – Қытай (11,9 млрд доллар), Ресей (9,6 млрд доллар), Италия (7,3 млрд доллар), Нидерланды (2,4 млрд доллар) және Франция (2,0 млрд доллар). Бұл елдермен жасалған сауда көлемі жалпы тауар айналымының 62%-ын құрады.

Соңғы үш жылда шикізаттық емес экспорттың үлесі біртіндеп артып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 32%-дан 35,3%-ға дейін өсті. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың ("Қарапайым заттар экономикасы", "Импорт алмастыру бағдарламасы", "Ұлттық экспорттық стратегия", "ГПИИР-2") ықпалы байқалғанымен, олардың тиімділігі әлі де шектеулі күйде қалып отыр.

"Импорт құрылымы соңғы уақытта инвестициялық және шикізаттық бағыттағы тауарларға қарай ауысуда. Импорттың негізгі өсімін минералды өнімдер (+225,9 млн доллар) мен көлік құралдары (+187,0 млн доллар) құрады. Бұл елдегі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың жандануы, сондай-ақ отандық өндірістің жеткілікті дамымағанын көрсетеді", делінген талдауда.

Жекелеген импорттық тауарлар бағасының айтарлықтай өсуі байқалды. Мысалы, үйге арналған жиһаз бағасы бір тоннаға шаққанда 1 млн теңгеге қымбаттап, 1,8 млн теңгеге жеткен. Сондай-ақ шоколад (+894 мың теңге, тоннасына 2,5 млн теңге), мұздатқыш жабдықтар (+262,1 мың теңге, тоннасына 2,6 млн теңге) және майлау материалдары (+208 мың теңге, тоннасына 1,9 млн теңге) бағасы айтарлықтай өсті. Бұл қымбатшылыққа сыртқы нарықтағы баға өсімі мен валюта бағамының ауытқуы әсер еткен.

Биылғы жылдың алғашқы бес айында Қазақстандағы инфляция былтырмен салыстырғанда үдеп, 11,3%-ға жетті. Ал Еуроодақ пен Ресейде, керісінше инфляция баяулаған (ЕО-да – 2%, Ресейде – 9,4%). Қытайда инфляция деңгейі 0,1% шамасында.

"Қазақстандағы баға өсіміне Ресейдегі инфляция мен рубльдің теңгеге шаққандағы бағамының нығаюы (жыл басынан бері +41%) тікелей әсер етуде. Логистика шығындарының өсуі мен нарықтағы бәсекенің төмендігі де импорттық инфляцияны күшейтіп отыр. Бұл жағдай Ұлттық Банктің ақша-несие саясатын қалыпқа келтіруіне қиындық туғызады".

Сарапшылардың пікірінше, биыл сыртқы сауда айналымының динамикасы нашарлауы мүмкін:

"Экспорттық түсімдердің қысқаруы, импорттың өсуі және инфляциялық қысымның күшеюі – елдің төлем балансына, ұлттық валютаның бағамына және қаржы тұрақтылығына қауіп төндіреді. Жыл соңына қарай экспорт көлемі, Ұлттық Банктің болжамы бойынша, 75,5 млрд долларға дейін төмендеуі мүмкін. Ал импорт 62,3 млрд долларға дейін өседі деген болжам бар. Мұндай жағдайда сауда профициті былтырғы 21,8 млрд доллардан биыл 13,2 млрд долларға дейін (-39,5%) қысқарады. Бұл жағдай теңге бағамының тұрақтылығына қосымша тәуекелдер туындатады".

Осылайша, биылғы жылдың екінші жартысында сыртқы саудадағы ахуалдың нашарлауы жалғасуы мүмкін. Әлемдік шикізат нарығындағы жағдайдың жақсармауы және импорт құрылымының капиталдық тауарларға қарай ығысуы бұл қауіптерді арттырады. Қазақстан экономикасының сыртқы жағдайларға тұрақтылығы экспорттық тауарлардың бағасы қаншалықты тез қалпына келетініне, мемлекеттік ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына және шикізаттық емес экспорттың қаншалықты кеңейетініне тікелей байланысты болмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар