Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердегі білім сапасын арттыру мақсатында «Келешек мектептері» салынып, ел игілігіне берілуде. Ұлттық жоба аясында Түркістан облысында жалпы саны 29 білім ошағының құрысылы жоспарланаған. Осы тұста облыс әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданы, Достық елді мекеніндегі 900 орындық «Келешек мектебінің» құрылыс алаңында болып, мердігерлердің жұмысын бақылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Білім беру саласына ерекше серпін беретін жобалардың жұмысын сапалы орындауды тапсырып, жауаптыларға уақыт пен сапаны назарға алуды тапсырды. Учаскелік жер аумағы – 3 гектар. Бүгінде құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған. Ішкі әрлеу, сырлау, шатыр орнату, қызметтері аяқталған. Заманауи мектептің инфрақұрылым жұмыстары толық реттелген. Интернет және газ қосу шаралары қолға алынған.
Аудан көлемінде жалпы саны 4 «Келешек мектептерін» салу жоспарланып, бүгінде 3 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Алатау елді мекенінде 300 орындық, Көксәйекте 600 орындық, Киелітастағы 900 оқушыға арналған мектептер. Жаңаша бағыттағы білім ошақтарында балалардың сапалы білім алуы үшін дерлік барлық жағдай қарастырылады.
Осы күні облыс басшысы Ленгір қаласы, І мөлтек ауданында орналасқан тұрғын үйлердің құрылыс барысына шолу жасады. Н.Көшеров аралау барысында жауаптыларға әлеуметтік маңызы бар кез-келген нысан қателіксіз, сапалы салынуы тиіс екенін ескертті.
Мұнда 5 қабатты 3 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Пәтер саны – 48, 1 бөлмелі 12 пәтер, 2 бөлмелі 12 пәтер, 3 бөлмелі 24 пәтер. Тұрғын үйдің құрылысы 2023 жылы басталып, бүгінде шатыр жабу, ішкі, сыртқы әрлеу, есік, терезе орнату сынды жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба құны 625, 5 млн.теңге. Тұрғын үй республикалық және облыстық бюджет есебінен салынған. Құрылыс жұмыстары аяқталса, биыл пайдалануға берілмек.
Аралау жұмыстары аудандағы «Мейір-Бейс» жоғары медициналық және педагогикалық колледжінде жалғасты. Облыс басшысы білім ордасының мұмкіндіктерімен танысып, фармацевтикалық, стоматололгиялық дәріс беру бөлмелерін аралап көрді. Колледж жаңа форматта жұмысын жалғастыруда. Мұнда 56 маман дәріс береді. Жалпы 84 дәрісхана қарастырылған.