Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттап жатыр

Қаракөз Амантай 25 шіл. 2025 10:08

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың 22 шілдесіндегі жағдай бойынша бұл тауарлардың бағасы бір аптада 0,1 пайызға, ал жыл басынан бері 7,8 пайызға артқан.

15–22 шілде аралығында ел бойынша айтарлықтай қымбаттаған өнім – қырыққабат. Оның орташа бағасы 2,9 пайызға өсіп, килограммы 198 теңгеге жеткен. Екінші орында тауық еті. Оның бағасы 0,8 пайызға артып, 1441 теңге/кг болды. Ал үшінші орында сары май мен қарақұмық: тиісінше 0,6 пайызға өсіп, бағасы 4690 теңге/кг және 208 теңге/кг болды.

Сонымен қатар күнбағыс майы мен сиыр етінің бағасы да өскен – литрі 824 теңге, ал килограммы 2998 теңге болды.

Бағасы сәл де болса көтерілген өзге өнімдер қатарында бидай ұны, вермишель, қырыққабат, құмшекер мен тұз бар. Бұл тауарлар 0,1 пайызға қымбаттап, сәйкесінше: 222 теңге/кг, 311 теңге/кг, 198 теңге/кг, 493 теңге/кг және 82 теңге/кг болды.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің үздіксіз қымбаттауы тұрғындардың қалтасына салмақ салуда.

Еске салайық, бұған дейін Halyk Finance сарапшылары маусым айында күтпеген жерден азық-түлікке жатпайтын тауарлар қатты қымбаттағаны туралы айтқан еді.

"Бұл фактор бізді жылдық инфляциялық болжамды жоғарлату тұрғысында қайта қарауға мәжбүр етті: мамырда сарапшылар бұл көрсеткіш 10% болады деп болжаған, енді диапазон 10-11% аралығына жылжып, шындыққа жақыны 11%-ды құрап отыр", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының аға сарапшысы Арсылан Аронов.

Маусымдағы инфляцияның ең көп өскен сегменті – азық-түлік: жылдық өсім 9,6%-дан 10,6%-ға жетті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 9,4% (мамырда – 9,0%), ақылы қызметтер – 16,1% (мамырда – 16,0%) өсті.

"Әсіресе, азық-түлік бағасының жазда да бәсеңдемеуі тосын жағдай болды (!). Әдетте, жазда бұл көрсеткіш нөлге жақындайтын", - дейді маман.

Маусымда инфляцияға ең үлкен үлес қосқан – ақылы қызметтер (4,62 пайыздық пункт), екінші орында – азық-түлік (4,39 п.п.), үшінші – азық-түлікке жатпайтын тауарлар (2,83 п.п.).

"Азық-түлік бағасының тұрақтамауына Ресейден келетін импортқа тәуелділік әсер еткен болуы керек деп ойлаймыз. Бұл елден азық-түлік тасымалы жалпы импорттың 31%-ын құрайды. Ал рубльдің нығаюы (маусымда – 6,54 теңге, қаңтарда – 5,16 теңге) ресейлік тауарлардың қымбаттауына әкеліп соғып отыр. Біз 2025 жылдың соңында рубль бағамы әлсірейді, бұл өз кезегінде инфляцияны бәсеңдетуі мүмкін деп болжаймыз", - дейді Аронов.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қымбаттауына бір жолғы – коммуналдық тарифтердің ақпан–сәуір айларындағы өсуі де әсер еткен.

Қызмет секторында айлық баға өсімі денсаулық сақтау, демалыс пен білім беру салаларында баяулаған. Бірақ көлік пен қоғамдық тамақтану салаларында баға артты. Айта кетерлігі, байланыс қызметтері бойынша баға маусымда 0,5%-ға төмендеген.

"Ал теңге бағамы маусымда 514,72 болды (қаңтарда – 524,67). Ұлттық қордан бөлініп жатқан трансферттер теңгеге күш беруде. Бұл да инфляцияны тежейтін фактор. Елімізде инфляция деңгейі әлі де жоғары күйде сақталып отыр. Оның құрылымы күрделене түсуде. Азық-түлік жазда да қымбат болып, ал тауар нарығындағы баға қысымы әлсіремей тұр. Сондықтан біз жыл соңында инфляция, алдында болжағандай,  10% емес, 11% шамасында қалыптасады деп болжаймыз", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының аға сарапшысы Арсылан Аронов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар