Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев лицензиясыз жұмыс істеген мектептерге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұған дейін елімізде 66 мектеп тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп келген. Бүгінде олардың тек 18-і ғана қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Осы 18 мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін талапқа сай ету үшін барлық жергілікті атқарушы органдар үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Өйткені лицензия алу мәселесі балаларға сапалы білім беруді қамтамасыз етудің маңызды шарты”, — дейді ол.
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, лицензиясы жоқ мектептер қатарында жекеменшік білім беру ұйымдары да бар.
“Қазіргі таңда осы 18 мектептің ішінде кейбір жекеменшік мектептердің де бар екенін көріп отырмыз. Сіз атап өткен жекеменшік мектептердің бірі де лицензиясы әлі рәсімделмеген білім беру ұйымдарының қатарында. Бұл — барлығына ортақ заң талаптары. Егер ол талаптар орындалмаса, балаларға сапалы білім беру, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру мүмкін болмайды. Сондықтан бұл мәселе бойынша жұмысты одан әрі жалғастырамыз”, — деп қосты ол.
Министр мұндай жағдайдың тууына жыл сайын іске қосылатын жаңа мектептердің көптігі әсер етуі мүмкін екенін айтты.
“Былтыр осындай 66 мектеп тіркелген. Өздеріңіз білесіздер, біз жыл сайын 200-ден астам жаңа мектепті іске қосып отырмыз. Осындай қарқынды құрылыс жағдайында жергілікті әкімдіктер немесе жекеменшік мектептер кейде лицензия рәсімдеу процесіне үлгермей жататыны байқалады”, — деді ол.
Осыған байланысты министрлік заңнамаға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
“Енді лицензия алмас бұрын мектептердің барлығы алдын ала толық дайындықтан өтуі тиіс болады. Осылайша, мұндай мәселелер келесі жылдары қайталанбас үшін нақты шаралар қабылданып жатыр”, — деп қосты ол.