Қазақстанда қуаттылығы 2,8 ГВт-қа дейінгі АЭС салу қарастырылып жатыр

Қаракөз Амантай 17 жел. 2024 10:35 550

Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы маңында қуаттылығы 2–2,8 ГВт болатын атом электр станциясын салу мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік өкілдерінің мәліметінше, ядролық технология жеткізуші әлеуетті компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ұсыныстарды бәсекелестік негізде қарастыратын үкіметаралық комиссия құрылған.

“Баламалы және жаңартылатын энергия көздерін, сондай-ақ газ генерациясын енгізу электр энергиясын тұтынудағы көмір генерациясының үлесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді”, – делінген ҚР Энергетика министрлігі таратқан хабарламада.

Жоспар бойынша, 2035 жылға қарай көмірқышқыл газы қалдықтарын жылына 44 млн тоннаға азайту көзделген.

“Қазіргі таңда энергия көздері штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ал жылыту маусымы тұрақты түрде өтіп жатыр. Жүзеге асырылып жатқан барлық жоба алғашқы ресурстармен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген”, – деп толықтырды ведомство.

Айта кетейік, 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. 

Ал референдум бойынша дауыс беру 6 қазанда өтті. Бұл ретте АЭС салуды дауыс бергендердің 71,12 пайызы қолдады. Референдумға дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.

Бұған дейін Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Қазақстан АЭС құрылысы үшін халықаралық консорциум құру мәселесін пысықтап жатқанын мәлімдеген еді.

“Біздің еліміз ядролық отын циклі аяқталған дерлік әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Өздеріңіз де білетіндей, жақында өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының құрылысы мақұлданды. Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздігімізге ұзақ мерзімді инвестиция саналады. Қазіргі уақытта біз осы жоба үшін халықаралық консорциум құру мәселесін пысықтап жатырмыз”, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан ықтимал технология жеткізушісі ретінде төрт компанияны қарастырып жатыр. Олар, ресейлік "Росатом", Қытайдың CNNC, Кореяның KHNP және Францияның EDF компаниялары.

Еске салайық, Ресейдің Сыртқы істер министрі Лавров та Қазақстанда бірінші атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумға қатысуға дайын екенін мәлімдеген еді. 

"Ресей көмектесумен ғана шектелмей, АЭС құрылысына қатысты ұсыныстарын да  дайындап қойды. Біз Қазақстанда өткен референдумды мұқият бақылап, президент Тоқаевтың атом энергетикасын дамыту жоспарларына қолдау көрсеттік. "Росатом" осы мәселеде қазақстандық достарымызбен бірлесіп жұмыс істеуге толық дайын. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің тиісті агенттіктерімен және құрылымдарымен ынтымақтасуға ашықпыз", – деді Лавров.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар