Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Олжас Сыздықов жеті жылға сотталған Марат Жыланбаевтың қазіргі жағдайы қандай екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Кеше әріптесіммен бірге Марат Жыланбаевқа бардық. Аштық жалғасып жатқандықтан, оның тамыр соғысы төмендеген. Дәрігерлер келді ме деп сұрағанда, ол өзін-өзі бақылауда ұстай алатынын айтып, олардың келуін қажет деп санамайтынын жеткізді.
Тәртіптік изолятордың "қауіпсіз орын" деп аталатын камерасын тексеру барысында Жыланбаев жалпы тәртіппен ұсталып отырғаны анықталды. Бұл камераға қатысты адвокат Досқараевтан (Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев) бізге түскен шағымдарды растайтын дәлелдер табылды.
Адам құқықтары күніне орай колонияда жүргізілген тексеру кезінде Жыланбаевтың электр шайнегін тартып алып, барлық розеткалар алынған. Соның салдарынан ол өзі су қайнатып іше алмай отыр. Су оның өмірі үшін аса маңызды болғандықтан, Жыланбаев изолятор қызметкерлерінен әр жолы қайнаған су сұрап отыруға мәжбүр екенін айтты", - дейді Сыздықбаев.
Жыланбаев отырған орын – тәртіптік изолятор камераларының бірі.
"Өкінішке қарай, мұндай практика ҚАЖК-нің барлық мекемелерінде бар.
Қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі қажет сотталғандарға сол мекеменің басқа сотталғандарымен тең құқық беретін арнайы бөлмелер қарастыру қажет. Бұл құқықтарға кір жуу, үтіктеу, су қайнату, радио немесе телебағдарламалар тыңдау мүмкіндіктері кіреді. Мұның барлығы тәртіптік изоляторда жоқ. Мекеменің өзі моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген. Бұл бұрынғы туберкулез колониясы болғандықтан, барлық отрядтар күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, колония батпақты жерде орналасқан, ал жақын маңда бұрын алтын өндіру өнеркәсібінің қалдықтары көмілген полигондар бар. Бұл сотталғандардың да, қызметкерлердің де денсаулығына әсер етпей қоймайды", - дейді Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі.
Олжас Сыздықбаев бұл колонияны жабуды талап ету қажет екенін айтты.
"Жыланбаевпен кездесуден кейін мекеме басшылығымен сөйлестік. Мекеме басшысы мырза Тулаков Марат Жыланбаевқа электр шайнегі қайтарылатынын және біздің қалған ескертулеріміздің түзетілетінін айтты. Біз бұл ескертулерді қадағалау органдарына да жолдаймыз", - дейді Олжас Сыздықбаев.
Еске салайық, 2023 жылы жабық соттың нәтижесінде 7 жыл түрмеге кесілген танымал марафоншы Марат Жыланбаевтың аты-жөні "экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға қатысы бар" тұлғалардың тізімінде пайда болған еді.
Тізім Қазақстан қаржы мониторинг агенттігінің сайтында жарияланды. Жыланбаев тізімге 8 сәуірде енгізілген.
Бұған қатысты пікір білдірген Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев совет кезін еске алды.
"Совет кезінде құқықтан айыратын баптар болды, дәл қазір сондай нәрсе жүріп жатыр" деді адвокат Азаттыққа берген сұқбатында.
"Бұл заңсыз. Мұны реттейтін заңдар бар. Олар Конституцияға қайшы деп ойлаймын. Себебі адам өмір сүруі керек, нәпақа таба алуы керек, қандай да бір әрекет жасай алуы керек. Ал жеке сәйкестендіру нөмірі шектелген адам не істей алады? Тіпті шетел азаматтары көбірек құқыққа ие" деді ол.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, арасында Amnesty International және Human Rights Watch та бар, Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатуға үндеген.
"Белсенді, танымал марафоншы Марат Жыланбаев бейбіт әрекеті мен саяси ұстанымы үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды" деді Amnesty International желтоқсандағы мәлімдемесінде.
60 жастағы Марат Жыланбаев кейінгі жылдары билікті сынап, бейбіт наразылық акцияларына қатысқан.
Қаңтар айында Марат Жыланбаев Степногорск түрмесіне ауыстырылған. Оның қамауда отырғанына 11 айдан асты, оның көбін тергеу изоляторда өткізген. Ол былтыр көктемде саяси тұтқындарды қолдап, бейбіт акциясын өткізгеннен кейін 20 тәулікке қамалды, ізінше мамырда тергеу изоляторына ауыстырылған.