Қазақстанда науқастардың жеке медициналық деректерін сақтау мерзімі қысқармақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Алматы” арнасының мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерісті арнайы құжатқа енгізуді жоспарлап отыр.
Жаңа ережеге сәйкес, рентген және биомагниттік суреттер, компьютерлік томография нәтижелері, эндоскопиялық зерттеулер сияқты бірқатар медициналық бейнелер енді 15 жылға дейін ғана сақталатын болады.
Бұл өзгерістерге қатысты түсініктеме берген Денсаулық сақтау министрлігі Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрмахан Мелдеханов медициналық деректерді сақтау мерзіміне нақты регламент енгізілетінін атап өтті.
“Қазіргі таңда ересектердің медициналық бейнелері 10 жыл, 15 жастан жоғары балалардың деректері 15 жыл бойы сақталады. Бұған дейін Қазақстанда медициналық бейнелерді сақтау мерзімін нақты реттейтін нормативтік-құқықтық актілер болмаған. Жаңа өзгерістер осы олқылықты жояды. Құжат қазіргі уақытта талқылау кезеңінде, кейін ресми түрде қабылданатын болады”, – деді Нұрмахан Мелдеханов.
Маман бұл өзгерістер медициналық мекемелер мен қызметкерлерге қосымша жүктеме түсірмейді деп сендірді.
“Керісінше, жаңа регламент жұмыс барысын жеңілдетеді. Бұрын медициналық бейнелер 20-25 жылға дейін сақталатын. Енді нақты мерзім бекітілген соң, деректерді сақтау тәртібі айқындалады. Сонымен қатар, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы заңның 60-бабының 2-тармағына сәйкес, цифрлық денсаулық сақтау субъектілері медициналық деректерді ұлттық денсаулық сақтау паспортына беру тәртібін сақтауы тиіс. Бұл – деректердің қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ететін маңызды қадам”, – деп түсіндірді сарапшы.
Қазіргі таңда бұл өзгерістерді реттейтін нормативтік-құқықтық акті талқылану үстінде, жақын арада құжат ресми түрде бекітілуі мүмкін.