Қазақстанда жыл басынан бері пойыз билетінің құны 25,6%-ға (!) өскен

Dalanews 16 шіл. 2025 16:14

Қазақстанда жолаушылар тасымалының бағасы күрт қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жылдың маусым айында бұл қызметтің құны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,6%-ға өскен. Бағаның, әсіресе теміржол тасымалында шарықтағаны байқалады, мұнда билет құны бірден 25,6%-ға көтерілген. Ұшақ билеттері 18,2%-ға, автокөлік тасымалы қызметі 10,1%-ға өскен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Finprom.kz мәліметінше, теміржол билеттерінің бағасы тек жазғы маусымда емес, былтырғы қазаннан бері тұрақты түрде жоғарылап келеді. Мысалы, 2024 жылдың қазан айында билет құны алдыңғы жылмен салыстырғанда 18–25%-ға бір-ақ көтерілген.

Алайда, бұл қымбаттауды жолаушылардың артуы мен жолаушылар тасымалына түсетін жүктмененің көбеюімен еш байланыстыруға болмайды. 2024 жылы теміржол арқылы барлығы 20,7 млн адам тасымалданған, бұл алдыңғы жылдан небәрі 0,7%-ға ғана көп. Ал биылғы жылдың алғашқы бес айында, керісінше жолаушы саны 6,8%-ға азайған.

Бағаның өсуіне әсер ететін бірнеше себеп бар. Соның ең бастысы – инфляция, қызметкерлердің жалақысын көтеру қажеттілігі, теміржол инфрақұрылымының ескіруі және тасымалдау қызметінің төмен рентабельділігі.

Вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда жүк тасымалының 70%-дан астамы өзіндік құнынан төмен бағамен жүзеге асырылады. Сол себепті алдағы үш жыл ішінде елде теміржол тарифтерін көтеру жоспарланған. Бұл қадам "Магистральдық теміржол желісін дамыту" инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Қазақстандағы магистральдық теміржол желісін басқаратын ең ірі компания – "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ былтыр да тарифтерді бірнеше рет өсірген. 2024 жылы тарифтер үш рет жоғарылаған – қаңтарда 4%-ға, маусымда 8,8%-ға, желтоқсанда 7,8%-ға көтерілген. Биыл 1 қаңтарда тағы 2,6%-ға, ал 1 мамырда бірден 35%-ға қымбаттады. Ал бұл тарифтік саясат жолаушылар мен жүк тасымалының бағасына тікелей әсер етеді.

"Компанияның мұндай қадамға баруы кездейсоқтық емес. Былтыр Жоғары аудиторлық палатаның басшысы Әлихан Смайылов компанияның қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткенін, тіпті дефолтқа ұшырау қаупі бар екенін мәлімдеген еді", - дейді Finprom сарапшылары.

2024 жылы "Қазақстан темір жолы" өз инфрақұрылымын жаңартуға жалпы сомасы 282 млрд теңге жұмсаған. Соның жартысынан көбі – заем қаражаты. Бұл ақшаға 485 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті, 688 бұрмалы бағыттаушы жүйе жаңартылды, сондай-ақ 39 арнайы техникаға күрделі жөндеу жасалды. Бұдан бөлек, теміржол көпірлерін жаңарту жұмыстары атқарылған.

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде техникалық жабдықтар мен инфрақұрылымның сапасы айтарлықтай жақсарған. Ұлттық статистика бюросының есебінше, былтыр локомотивтер саны 8,5%-ға өскен, ал жаңадан қолданысқа енгізілген локомотивтердің үлесі 17%-дан 24%-ға артқан. Алайда елдегі локомотивтердің 43,8%-ы әлі де пайдалануға берілгеніне 25 жылдан асып кеткен ескі техникалар.

Жолаушылар вагондарының саны да жаңарып жатыр. 5 жылға дейін пайдаланылған жаңа вагондардың саны бір жылда 35,3%-ға көбейген. Бұл вагондардың басым бөлігі – купе және плацкарт түрінде.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар