"Жаңалық сайттары жабылып қалса, ел тарихының бір бөлігін жоғалтамыз" - Аймағамбетов

Көркем Алдабергенова 04 жел. 2025 14:20

Қазақстанда медиа саласы үлкен трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр: баспа басылымдар саны азайып, қоғамдық ақпараттың негізгі бөлігі электронды порталдарға көшті. Бұл – заманауи үрдіс, әлемдік тенденция. Алайда осы өзгерістермен бірге жаңа проблема пайда болуда. Бұл туралы депутат Асхат Аймахамбетов жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, белгілі бір жаңалық порталы жұмысын тоқтатқанда, оның архиві де жоғалып кетеді. Ал архивпен бірге елдің қоғамдық-саяси тарихының маңызды тұстары да қолжетімсіз болып қалады.

Аймахамбетов дәстүрлі баспа БАҚ-та мұндай мәселе әлдеқашан шешілген газеттер мен журналдардың көшірмелері ұлттық кітапханаларға тапсырылып, архивке салынатынын атап өтті. Бұл – тарихи ақпаратты сақтаудың қалыптасқан жүйесі. Бірақ электронды редакциялардың материалы жоғалса, болашақта елдің ақпараттық мұрасы қаншалықты толық сақталатыны сұрақ тудырады.

Депутат осы мәселелер архивтер туралы заң жобасы талқыланған отырыста көтерілгенін атап өтті.

«Халықаралық тәжірибе бойынша, көптеген елдің заңнамасында цифрлық басылымдарға арналған арнайы “legal deposit” жүйелері енгізілген. Яғни электронды басылымдар өз жарияланымдарын ұлттық архивтерге тапсырады. Біз де осы саланың мамандарымен бірге, баспа басылымдарына қолданылып жүрген модель бойынша цифрлық жаңалық порталдарын орталықтандырылған архивке беру мүмкіндігін талқылауымыз керек», - деп жазды Асхат Аймахамбетов.

Оның сөзінше, барлық тарапқа қолайлы механизм табу маңызды.

«Жаңалық порталы жабылып қалса, біз жай ғана сайттан айырылып қана қоймай, ел тарихының бір бөлігін жоғалтамыз», - деді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар