Ақтөбе облысында пара талап етті деген күдікпен әкімдік қызметкері сотқа тартылды

Көркем Алдабергенова 16 шіл. 2025 10:31

Шалқар аудандық сотында сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралып жатыр. Ол мердігерлерден миллиондаған теңге көлемінде пара алды деп айыпталуда, деп хабарлайды Dalanews.kz Қазақпаратқа сілтеп. 

Тергеу нұсқасы бойынша, 2021 жылы Шалқар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен «Данекер» ЖШС арасында Көпмола, Жылан және Кендала ауылдарындағы су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға шарт жасалған. Жобаның жалпы ұзындығы – 1030 шақырым, бастапқы құны – шамамен 800 миллион теңге. Жұмыстарды аяқтау мерзімі 2022 жылғы желтоқсан деп жоспарланған.

Алайда 2022–2023 жылдары жобаға бірқатар өзгеріс енгізіліп, нәтижесінде оның құны екі есеге жуық өсіп, 1,9 миллиард теңгеге жеткен.

2024 жылы бөлім басшысы қызметіне Шуға С. тағайындалған. Айыптаушы тараптың мәліметінше, ол «Данекер» ЖШС директоры Искаковпен танысып, қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, орындалған жұмыстар актілерін, соның ішінде нақты орындалмаған жұмыстар бойынша да, бекітіп беру үшін одан 5 миллион теңге көлемінде пара талап еткен. Егер талап орындалмаса, тексерістер ұйымдастырып, мердігердің жұмысына бақылауды күшейтетінін айтқан.

Бұл әрекет Қазақстан Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша пара талап ету ретінде сараланып отыр. Қорқып қалған «Данекер» ЖШС директоры пара беруге келісіп, қазан айындағы актілер бекітіліп, қаржы төленгеннен кейін ақша беретінін айтқан. Кейін компания шотына 228,2 миллион теңге түсіп, соның артынан Искаков екі жеке тұлғаның шотына 5,7 миллион теңге аударған.

"Заңсыз әрекет екенін толық түсінсе де, қорыққандықтан ақша аударуға мәжбүр болды", - деді мемлекеттік айыптаушы сотта.

Қылмыстық істің екінші эпизоды «АзияСтройПроект777» ЖШС-мен байланысты. Бұл компания 2023 жылы Шалқар аудандық сәулет бөлімімен Шалқар қаласындағы үш екі қабатты жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылымды қосу жөнінде келісімшарт жасасқан. Бастапқыда келісімшарт құны 71,8 миллион теңге болса, 2024 жылы қосымша келісім арқылы сома 115,3 миллион теңгеге дейін өскен.

Тергеу мәліметінше, шенеунік бұл компания басшысынан да орындалған жұмыстар актілерін кедергісіз бекіту үшін 8 миллион теңгеден астам пара талап еткен. Компания директоры Мұңбаев бұл соманы бірнеше адамның есепшотына аударған.

Сот тыңдауында сол адамдардың кейбірі куәгер ретінде жауап беріп жатыр. Сондай-ақ қорғаушы тарап Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханды сотқа куә ретінде шақыруды сұрады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар