Мәжіліс депутаттары Нартай Аралбайұлы мен Үнзила Шапақ Астана мен Алматы әкімдіктерінде тұрақтарға жауапты тұлғалармен жұмыс тобын өткізіп, бірқатар түйткілді сұрақтарды талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аралбайұлы жиын қорытындысын жариялап, Астанадағы ақылы автотұрақтар 2025 жылдың жазында толықтай әкімдік тарапына өтетінін мәлімдеді.
“Ақылы автотұрақтың ақысын төлеуді ұмытып кеткендерге алдымен sms-хабарлама барсын дегенбіз. Алматы бір қадам жасапты. Алматыда ақылы автотұраққа кірсеңіз, ол жерде сізді камераға түсірсе, "сіздің көлігіңіз ақылы автотұраққа кірді" деген хабарлама келеді екен”, - деді ол.
Бұл өзгерістер әкімшілік кодекске енгізілген түзетулердің нәтижесінде жүзеге асуда. Мәжілісменнің айтуынша, жаңа ережеге сәйкес, автотұрақ төлемін жасамағандарға бірден айыппұл салынбайды – алдымен SMS-хабарлама жіберіліп, 24 сағат ішінде төлеу мүмкіндігі беріледі. Тек осы уақыт өткен соң ғана айыппұл қарастырылуы мүмкін.
“Әкімдіктер "орындаудың амалын іздейміз" деді. Айтпақшы, ақылы автотұрақтардың ақысын төлемегендерге салынатын айыппұлдың құнын 3 есеге түсіргенімізді алдында айтқанмын. Заң наурызда күшіне енеді”, - деп қосты ол.
Мәжіліс депутаты тағы бір маңызды жаңалықты жеткізді. Қазіргі уақытта Астанада ақылы автотұрақта 5 минут тегін тұруға рұқсат етілсе, енді бұл уақыт 15 минутқа ұзартылмақ. Депутат бұл мәселені көтеріп, тиісті сауал жолдаған. Ал әкімдік ұсынысты қолдаған көрінеді.
Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтарының жанында ақылы автотұрақтардың болмауы керегі де айтылған.
“ХҚКО алдында ақылы автотұрақ болмау керек дедік. Әкімдік уәжбен келісті, іске асыру тетіктерін дайындап әкеледі”, - деді Мәжіліс депутаты.
Нартай Аралбайұлы барлық өзгеріс күшіне енген кезде қосымша хабарлайтынын алға тартты.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек электромобильдерге арналған тегін тұрақтардың жеке пайда көздеріне айналу қаупін көтерген еді. Бұл мәселе Мәжілісте электромобильдерге жағдай жасауға бағытталған заң жобасын талқылау барысында айтылды.
Депутат заң жобасын қолдайтынын білдіріп, бірақ екі сұрақ туындағанын жеткізді. Оның айтуынша, тұрақтар неге Жер кодексіне енгізілмеген, ал қуаттандыру станциялары сәулет-құрылыс заңына негізделіп енгізілуде. Сонымен қатар ол Алматыдағы “Алматы паркинг” тәжірибесін мысалға келтіріп, тегін тұрақтардың коммерциялану қаупін атап өтті.