Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2025 жылғы 29 қаңтарда Мәжілісте Қазақстанның Ресейден неге электр энергиясын сатып алатынын түсіндіріп, арада жасалып жатқан жаңа келісім Қазақстандағы тарифтерге ықпал ету-етпеуіне қатысты туындаған сұраққа да жауап берді, жазады Dalanews.kz.
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров Қазақстан мен Ресей арасындағы екі елдің бірыңғай энергетикалық жүйелерінің параллель жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялауды талқылау барысында Энергетика министріне бірнеше сұрақ қойды.
"Бізге мынаны айтыңызшы, Қазақстан Ресейден қанша көлемде және қанша бағада электр энергиясын сатып алады? Жаңа келісім Қазақстандағы электр энергиясы тарифінің өсуіне әкеліп соқпайды ма", - деді депутат.
Бұл ретте министр Алмасадам Сәтқалиев Ресейден электр энергиясы екі жағдайда сатып алынатынын атап өтті:
- тапшылықты жабу үшін;
- жоспардан тыс тоқ ағыны кезінде.
"Жоспардан тыс тоқ ағындары электр жүйесінің жұмысында ауытқулар болған жағдайда пайда болады. Бұл жағдайлар үшін әртүрлі төлем режимдері қарастырылған. келісілген ауытқу деңгейі 150 мегаваттан асырмасақ, біздің еліміз электр энергиясының құнын ғана төлейді. Егер ауытқу 150 мегаваттан асса, диспетчерлеу және "Россети"желілері бойынша транзитке қосымша ақы төленеді. Сондай-ақ, электр энергиясының тапшылығын жабу үшін нарық субъектілері жүзеге асыратын жоспарлы ағындар бар. Бұл арада шарттарға байланысты баға әртүрлі. Егер біз Ресейден электр энергиясын белгіленген диапазонда сатып алсақ, оның сағатына 1 киловатының орташа құны шамамен 8 теңгені құрайды. Егер біз осы диапазоннан асып кететін болсақ, онда баға 23,8 теңгеге дейін өседі", – деп түсіндірді министр.
Ол жоспарлы тоқ ағындары тапшылық кезеңдерінде жүргізілетінін нақтылады.
"Өздеріңіз білетіндей, тұтыныс көлемі ең жоғары уақыттарда Қазақстанның энергожүйесі көршілес мемлекеттерден қымбат электр энергиясын сатып алуға мәжбүр. Өткен жылы біз ішінара Өзбекстаннан, сонымен қатар Ресей Федерациясынан сатып алдық. Ресейдікі сағатына 1 киловатының құны 48 теңгені құрады. Осы жағынан алғанда, бұл баға өсіміне әкеліп соқпайды. Неліктен? Себебі бұл мәжбүрлі сатып алу - басқа алатын көздер жоқ. Әйтпесе, ішкі тұтынушылар үшін шектеулер енгізуге тура келер еді", - деді Сәтқалиев.
Осылайша 2025 жылғы 29 қаңтарда Мәжіліс депутаттары Ресеймен бірыңғай энергетикалық жүйелердің жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі келісімді ратификациялап жіберді.
Бұған дейін сайтымызда "Уақыттың өзгеруіне қатысты зауыт басшысы: Жұмысшылар шаршап қалып жатыр, "брак" көбейді" деген мақала жарияланған болатын.