Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорын реформалау барысына көңілі толмайтынын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Самұрық-Қазына" алдына қойылған басты міндет – қорды реформалау. Десе де бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін табысты деп айтуға келмейді. Әрине, біршама ілгерілеу бар, бірақ атқарар іс әлі де ауқымды. Біз ақпан айында қордың қызметін арнайы талқылайтын боламыз" – деді Тоқаев.
Айта кетсек, "Самұрық-Қазына" АҚ 2008 жылы құрылған. Қордың басқаруында Air Astana, "Қазақтелеком", "Қазатомөнеркәсіп", "ҚазМұнайГаз", "Қазпошта", "Қазақстан темір жолы" және KEGOC сияқты елдегі стратегиялық маңызы бар ірі компаниялар бар. Президенттің айтуынша, оларды жаңғырту мен тиімділігін арттыру – экономиканың өсіміне ықпал ететін маңызды шаралардың бірі болмақ.
Arasha-дағы әріптестерге сұқбат берген экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, "Самрұқ-Қазынаның" кәсіпорындары мемлекеттің ішіндегі мемлекет болып алған.
"Мемлекеттік меншік болғаннан кейін салық төлеудің орнына, бюджет жәрдем алып өздерінің жеке табыстарын, жеке мүддесін жоғары қояды. Себебі барлық жерде мемлекеттік меншік деген сөз ол ешқашан бір тиімді істеу мүмкін емес. Мәселен, Қазақстанда мұнай бизнесімен американың компаниясы "Теңізшевройл" шұғылданады. Ол 24-25 миллион тонна мұнай өндіреді. Біздің бюджетімізге 2-2,5 триллион теңге салық төлейді. Ал дәл сонша көлемде мұнай өндіретін "ҚазМұнайГаз" бар болғаны 1,169 миллиард теңгелік салық төлейді. "Самұрық- Қазынаның" тиімділігі өте төмен. 51 мемлекеттік үлкен кәсіпорындарды алсақ соның 14-і бүгінгі күнде табыссыз жұмыс істейді. Яғни мемлекеттік бюджеттен жәрдем алып отыр. Оларды тезірек жекешелендіру керек", - дейді ол.