Қазақстан Chevron арқылы Киевке ықпал жасап көретін болады - DALA INSIDE

Dalanews.kz 01 жел. 2025 12:46

Chevron мұнай-газ алпауыты Каспий мұнай құбыры жүйесінің Новороссийскідегі мұнайды сыртқа шығарып құю қондырғысының (ВПУ) жарылуына қатысты жедел түрде жабық консультациялар өткізе бастады. Шеврон 50 пайыз үлесін ұстап отырған «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорынының мұнай экспорты бойынша жылдық жоспары біршама орындалмай қалу қаупі бар дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Бүгін КТК экспорт бойынша жұмысын толық тоқтатты. АЛ ТШО жер астынан шығып жатқан мұнайды қосымша резервуарына құя тұруға мәжбүр.

Енді 2026 жылғы мұнай экспортының жағдайы мүлде бұлыңғыр. Көлемнің біразын транскаспийлік Ақтау-Баку бағытына ауыстыру мәселені шешпейді, ол бар болса 10 миллион тоннаны жаба алады және тасымалдау құнын үш есеге арттырмақ. Сол үшін Chevron-Exxon двуимвиратының лоббиі Капитолийге жақын сенаторлар арқылы Киевке ескерту жасауды дұрыс деп шешті.

«Украина Президенті Зеленскийдің офисінен енді КТК инфрақұрылымына тиіспейміз деген бейресми гарантия сұратылмақ. Chevron мен Exxon басшылары қалай болғанда да осы аптада Трамппен жүздесуге немесе телефонмен тілдесуге тырысып бағады. Сенаторларды, жалпы Конгресті барынша осы процеске араластыру жоспарланған. Қазақстан өз тарапынан Шевронның бұл бастамасын қолдап отыр. Бейресми көмектесетіні анық. Бір сөзбен айтқанда, Вашингтон Киевке «енді КТК құбырына тиіспе» деген қатаң сигнал беру тиіс. Лоббистер осыны көздеп отыр», - дейлі, дереккөз.

Киев Вашингтонды тыңдай ма? КТК-ға шабуыл ең алдымен Ресейдің қуатын азайту емес, Батыс капиталына жасалған сигналды қысым екені анық. Болашақ бейбітшілік келісімінде Киевтің өз позициясын жақсарту жолындағы ең тиімді рычагы осы КТК құбыры. Егер АҚШ бейбіт келіссөздер барысында Украинаның позициясын қолдамаса, онда американ мұнай компанияларының экспорты зардап шегеді деген емеурін. Оны Вашингтон да, Брюссель де жақсы түсінді. Ендігі доп Трамптың қолында.

Бұл жолы Украина камикадзе катер арқылы нысаналы соққы жасап, үш ВПУ-дың бірін және ең қуатты, жұмыс жасап тұрған ВПУ-2 құрылғысын жарып жіберді. Енді КТК-ның танкерлерге мұнай құю инфрақұрылымында тек екі ВПУ ғана қалып отыр. Оның бірі, ВПУ-3 кішкентай және тоқтамай жұмыс істеген жағдайда жылына 36 миллион тонна ғана мұнайды танкерге құя алады. ВПУ-1 ұзақ уақыт жөндеуде тұрды. Енді экспорттың күнделікті көлеміне шығу үшін оны тез арада іске қосу қажет.

Каспий құбыр консорциумы ВПУ-1 және ВПУ-2 құрылғыларын келесы жылы жаңартуды жоспарлап отырған. Бұл құрылғылар қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Drydocks World Dubai кеме жөндеу зауытында жасалып жатыр. Қазір буйдың қондырмасының ішіне кабель төсеу және герметизациялау, люк қақпақтарын келтіру мен дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ өндіруші суасты құбыр желілерінің соңғы манифольдтарына арналған құбырларды сынақтан өткізуді аяқтады. КТК-ның қолданыстағы ВПУ-ларын Монакода орналасқан IMODCO компаниясы жасаған еді. Олар 2001 жылы пайдалануға беріліп, іске қосылды. Ал қосалқы ВПУ-3 2014 жылы пайда болды. Енді КТК үшін жаңа ВПУ-ларды қондыру қиын болады. Ол үшін соғыс аяқталуы тиіс немесе Украина КТК инфрақұрылымына соққа жасамаймын деген гарантия беруі керек. Қазір мұның екеуі де жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар