Батыс Қазақстан облысы әкімі тұратын зәулім сарайға бір жылда 115 млн теңге жұмсалған

Қаракөз Амантай 01 жел. 2025 12:48

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ерекше қорғалатын тұлғаларға арналған резиденцияда тұрады. Аталған зәулім сарайға жыл сайын 115 миллион теңге бөлінеді. Бұл туралы қоғам белсендісі, құқық қорғаушы және жемқорлыққа қарсы күрескер Бауыржан Зәкиев “Время свободы” YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бауыржан Зәкиевтің пікірінше, қомақты қаржыны тек жеке отбасының қажеттілігіне жұмсау орынсыз.

“Бұл өте қымбат. Бірақ мұны жеке таңдау деп қарастыруға да болады. Әкім резиденцияда тұрады. Ол үшін рұқсат сұрамаған, бірақ оған бұл құқық берілген. Дегенмен біз қоғам және белсенді азаматтар ретінде сұрауға құқымыз бар: мұндай шешім кіммен және қандай негізде жасалды? Сонымен қатар әкім резиденцияда жалғыз ба, әлде отбасы мүшелерімен тұра ма?”, — деп мәлімдеді ол.

“Время свободы”журналисі де әкімдік резиденциясына қатысты пікір білдірді.

“Резиденцияның аумағы 11 мың шаршы метрді құрайды. Дербес, қорғалатын және толық автономды инфрақұрылымы бар. Яғни бұл өте үлкен объект. Онда аңшылық шаруашылығы 94 мың гектарға жетеді, сауна, бассейн, пирс бар, яхтаға арналған орындар да қарастырылған. Ойлап қарасаңыз, бұл шын мәнінде үлкен резиденция. Қаржы шығыны да жыл сайын өсіп келеді: 2023 жылы 80 млн теңге болса, биыл 115 млн теңгеге жеткен”, — дейді журналист.

Закиев бұл қаражатты әлеуметтік мақсаттарға бағыттау әлдеқайда тиімді болар еді деп есептейді.

“115 миллион теңгені балалар лагеріне және ойын-сауық алаңдарына, спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсауға болар еді. Себебі резиденция парк аймағында, өзен жағасында орналасқан, балалар үшін өте ыңғайлы”, – дейді ол.

Қоғам белсендісі резиденцияны өзен жағынан да, көшеден де көргенін айтты. Ол бұл мәселеге тек қоғам белсенділері емес, облыстық мәслихат депутаттары және басқа да уәкілетті органдар, соның ішінде мемлекеттік этика инспекторы мен мемлекеттік қызмет агенттігінің қарауы қажет екенін атап өтті.

“Негізі, бұл мемлекеттік лауазымды тұлға болса да, оған қаражат өте көп жұмсалады. Мысалы, 115 миллион теңге көлеміндегі жылдық шығынды қарапайым мысалмен салыстырсақ, мен өзім жеке секторда тұрамын. Біз жеті жыл бойы қала әкімдігінен ауданымызға жаңа балалар ойын алаңын салуды талап етіп келеміз, бірақ нәтиже жоқ. Мұнда 100-ге жуық бала бар. Олар жазда да, қыста да асфальтта ойнайды. Ал 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Алаңның бағасы – 35 миллион теңге. Бірақ біз жеті жылдан бері нәтиже көре алмай отырмыз”, – деді Закиев.

Журналист 2022 жылы Президент резиденцияларды әлеуметтік мақсатта, балалар мен жастарға арналған нысандарға беру жөнінде тапсырма бергенін атап өтті. Алайда Батыс Қазақстан облысында бұл резиденция әлі әкімдіктің қарауында тұр.

Бұған дейін

Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласының тұрғыны әрі мұғалім Айнұр Сабыр БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлының әрекетіне шағымданып, Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына ашық үндеу жолдаған еді. Оның айтуынша, былтырғы су тасқынынан кейін берілген жаңа үйді облыс басшылығы “заңсыз берілген” деп сот арқылы тартып алмақ.

"2024 жылы Орал қаласын су басқан кезде аса ірі көлемде зардап шектім. Орал қаласы аумағында орналасқан, ішіне газ, жарық, су тартылған үлкен қысқы үйім суға кетіп, бір ай бойы су астында тұрды.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың “Су тасқынынан зардап шеккендер үйсіз қалмасын” деген тапсырмасына орай, Орал қаласы әкімдігі 2024 жылы жарамсыз үйдің орнына үй беріп, шығындарымызды өтеген болатын”, - деді ол. 

Оның айтуынша, барлық тексеруден өткен құжаттар комиссия тарапынан расталып, мамандар үйді “тұруға жарамсыз” деп таныған. Осылайша арнайы комиссиялар “үй берілсін” деген шешім шығарған.

“Алайда бір жылдан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы тұрғындарды сотқа беріп, Орал қаласы әкімдігі берген үйді заңсыз деп тануды сұрап отыр”, - деп қосты ол.

Сөзінше, төтенше жағдайдан зардап шеккендерге Президенттің тапсырмасымен еліміздің кәсіпкерлері көмектескен.

“Маған да қала әкімдігіне суға кетуден зардап шеккен тұрғындарға демеушілікпен “Alageum” зауыты алып берген үйлердің бірі берілді. Үйдің кілтін зауыт директоры Дүрен мырза ұлым екеуімізге өз қолымен табыстаған болатын”, — деді ол.

Айнұр Сабырдың сөзінше, БҚО әкімі Нариман Төреғалиев бұл үйлерді “заңсыз берілген” деп танытпақ.

“Енді зардаптың қара бұлты сейіліп, бастан өткен ауыр жағдайды ұмыта бастасақ, облыс әкімі өз тұрғындарына озбырлық көрсетіп, тісін батырып отыр”, - дейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар