Ауа шамадан тыс лас болса, оқушылар қашықтан оқу форматына ауыса ма? Бектенов жауап берді

Көркем Алдабергенова 01 жел. 2025 11:16

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов депутаттық сұрау салуға жауап беріп, қатты тұман кезінде оқушыларды қашықтан оқытуға көшіру қандай жағдайда мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұрын Сенат депутаты Ольга Булавкина өз депутаттық сұрауында Білім министрлігінің бұйрықтары қолайсыз метеожағдайлар кезінде, зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткенде, білім беру ұйымдарын қашықтан оқытуға көшіруді реттемейтінін айтқан еді.

Булавкина Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сұрау жолдап, мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қашықтан оқытуды қолайсыз жағдайлар кезінде білім беру бағдарламаларын іске асырудың ресми формаларының бірі ретінде бекітуін сұраған.

«Сонымен қатар, НМУ екінші және үшінші дәрежесі енгізілгенде және зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан үш есе көп болған жағдайда, атқарушы органдар оқушылар мен студенттерді олардың денсаулығын қорғау үшін қашықтықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылдауға құқылы», – делінген депутаттық сауалда.

Сонымен қатар, Олжас Бектенов сұрауға берген жауабында, қашықтан оқыту заң бойынша ресми бекітілген білім алу формасы екенін және сәйкес бұйрықпен реттелетінін мәлімдеді.

«Қашықтан оқыту форматы қолайсыз метеорологиялық жағдайларда, төтенше жағдайларда, шектеу шаралары кезінде, медициналық көрсеткіштер бойынша, ата-аналардың өтініші бойынша немесе басқа да негіздер бойынша қолданылады.

Осылайша, қолайсыз метеорологиялық жағдайдың екінші және үшінші дәрежесі кезінде, сондай-ақ зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан үш есе асып кеткен жағдайда жергілікті атқарушы органдар оқушыларды денсаулығын қорғау мақсатында қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылдауға құқылы», – деді Премьер-министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар