ОПЕК+ ұйымының сегіз елі маусымдық ерекшеліктерді ескере отырып, 2026 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында өндірісті арттыруды тоқтата тұру жөнінде 2 қарашада қабылданған шешімді растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2023 жылдың сәуірі мен қарашасында қосымша ерікті өндіруді қысқарту туралы жариялаған Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Алжир және Оман 2025 жылғы 30 қарашада онлайн кездесу өткізді.
Аталған елдер әлемдік нарықтағы алдағы ахуалға қарай тәулігіне 1,65 млн баррель көлеміндегі өндірісті толықтай немесе жартылай кезең-кезеңімен нарыққа қайта шығару мүмкіндігін тағы да атап өтті.
Сонымен қатар, 2024 жылдың қаңтарынан бері орын алған кез келген артық өндіру көлемін толық өтеу ниеті де расталды.
Тараптар нарықтағы жағдайды, келісімдердің орындалу деңгейін бағалау үшін ай сайын отырыс өткізіп отыруға келісті. Келесі кездесу 2026 жылдың 4 қаңтарына жоспарланды.
