Қырғызстан 30 қарашада мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізді. Бұл елдің кейінгі жылдардағы ең даулы саяси науқандарының бірі ретінде бағаланып отыр. Алдын ала нәтижелер бойынша, президент Садыр Жапаровқа жақын үміткерлер парламентте айқын басымдыққа ие болды. Халықаралық БАҚ сайлау кезінде оппозицияның мүмкіндіктері шектеліп, бақылаушылар саны азайғанын атап өтті. Аталған деректерге сүйене отырып, Dalanews.kz редакциясы сайлаудың негізгі тұстарына қысқаша шолу жасады.
Парламенттің мерзімінен бұрын таратылуы
Қыркүйек айында Қырғызстан парламенті Жогорку Кенеш өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдады.
The Times of Central Asia мәліметінше, бұл қадам билікке сайлау күнтізбесін қайта құрып, саяси процесті бақылауға мүмкіндік бермек.
Жаңа сайлау жүйесі
Reuters дерегіне сүйенсек, биылғы сайлауда Қырғызстан ескі жүйеден толық бас тартып, мажоритарлық жүйені қолданған. Ел 30 сайлау округіне бөлінді. Әр округтен ең көп дауыс жинаған үш кандидат депутат болып сайланады. Ал қалған үміткерлердің дауысы есепке алынбайды.Реформаның нәтижесінде парламенттегі орын саны 120-дан 90-ға қысқарды.
Associated Press басылымы бұл өзгерісті “оппозицияның өрісін шектеу” деп атады. Сарапшылардың айтуынша, аталған жүйе орталық билікке жақын үміткерлер үшін тиімді.
Бақылаушылар саны
Халықаралық ұйымдар мен шетелдік бақылаушылар саны алдыңғы сайлаулармен салыстырғанда бірашма азайған. AP дерегі бойынша, сайлау науқаны кезінде тәуелсіз БАҚ пен оппозициялық саясаткерлерге қысым жасалғаны жөнінде бірнеше мәлімдеме түскен.
Al Jazeera мәліметінше, Қырғызстанда “ресми оппозиция жоққа жақын”, ал негізгі сыншылардың кейбірі қамауда, енді бірі эмиграцияда.
Алдын ала нәтижелер
Алдын ала деректерге сәйкес, президент Садыр Жапаровқа жақын кандидаттар парламент құрамында айқын басымдыққа қол жеткізді. Бұл туралы алғаш болып Reuters хабарлады.
Халықаралық сарапшылар мұны биліктің күшеюі әрі 2027 жылы өтетін президент сайлауы алдындағы маңызды қадам деп бағалады.
“Бұл сайлау Жапаров билігінің одан әрі нығаюына жол ашпақ”, - дейді Associated Press агенттігі.
Оппозицияның жағдайы
Қырғызстандағы оппозициялық күштер біртұтас емес, қаржылық және ақпараттық ресурстардан айырылған. Кейбір партиялардың сайлауға қатысуына кедергілер болған.
Сайлау жүйесінің өзгеруі де оппозицияның парламентке өтуін қиындатты. Сарапшылардың айтуынша, мажоритарлық жүйе билікшіл кандидаттардың жеңуін айтарлықтай жеңілдетті.
Элита ресурстары және жергілікті ықпал
Бұл сайлау аймақтық элиталар үшін де маңызды болды. Мажоритарлық жүйе әр округте жеңу үшін кандидаттардың қаржы ресурсы, өңірлік ықпалы және әкімшілік қолдауы қажет болды. Сол себепті билікшіл кандидаттардың жеңіске жетуі жеңілдеп, сайлаудың әділдігі мен теңдігі шектелген.
Сайлаудан кейін не өзгеруі мүмкін?
1. Биліктің шоғырлануы жалғасады
Жапаров командасының парламентте басым болуы, алдағы реформалардың президент аппаратына толық бағынышты болатынын көрсетеді.
2. Оппозиция үшін жаңа шектеулер
Сайлау жүйесі өзгермейінше, оппозициялық күштердің парламентке енуі одан сайын қиындайды.
3. Президент сайлауына дайындық басталды
Халықаралық сарапшылар бұл қадамды 2027 жылғы президенттік сайлау алдындағы позицияны күшейту процесінің бірінші кезеңі деп атады.
Халықаралық БАҚ-тың жазуынша, 2025 жылы мерзімінен бұрын өткен парламент сайлауы биліктің конституциялық және парламенттік деңгейде күшеюіне жол ашып отыр.
