Алматы облысының Шелек ауылында тұратын Саниям Рахматулина инсулин жетіспеушілігіне қатысты жергілікті аурухана басшылығымен дауласып жүріп, қылмыстық істің нысанасына айналған. Даудың соңы оны еркінен тыс психиатриялық орталыққа жатқызуға, ал 10 жасар ұлын балалар үйіне өткізуге әкелген, деп хабарлайды Dalanews.kz Время газетіне сілтеме жасап.
ІІ топ мүгедектігі бар Рахматулина 2022 жылы аудандық аурухана басшысы Гүлнар Қураметовадан дәрі-дәрмек мәселесін шешуді талап еткеннен кейін, ол полицияға арыз түсірген. Кейін әлеуметтік желідегі Қураметованы «беделіне нұқсан келтіретін» жазбаларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, Саниям сол іске қатысты күдікті ретінде қаралды.
Сот-психологиялық сараптама оның «психикалық ауытқуы бар» деген қорытынды шығарып, Рахматулинаны күштеп психиатриялық орталыққа жатқызуға негіз болған. Әйелдің айтуынша, оны үйінен силовиктер алып кеткен, ал ұлы – Бағанашылдағы балалар үйіне жөнелтілген. Кейін сараптамаға қатысты құжаттағы оның «ерікті келісім» қолтаңбасының қолдан жасалғаны анықталды.
2023–2024 жылдар аралығында бірнеше сот отырысы өтті.
Алматы облыстық соты Рахматулинаның психикалық ауытқуы жоқ екенін анықтады.
Талғар аудандық соты оны психбөлімге мәжбүрлі жатқызуды заңсыз деп танып, медициналық ұйымдарды құжаттарды жоюға міндеттеді.
Сот екі медицина мекемесіне 2 млн теңге өтемақы төлеуді міндеттеді.
Судьялар Саниям Рахматулинаның конституциялық құқықтары өрескел бұзылғанын атап өтті.
Рахматулина өзіне қатысты құжаттардың бұрмаланғанын, дәрігерлер мен полицейлердің қызмет өкілетін асыра пайдаланғанын айтады. Оның айтуынша, бұл жағдай «заңсыз бас бостандығынан айыруға» ұқсайды.
Саниям денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен бас прокурор Берік Асыловқа да хат жолдаған. Алайда әзірге оның шағымдарына нақты шара қабылданғаны туралы ақпарат жоқ.
Рахматулина сотта жеңіске жеткенімен, оның мәліметінше, осы іске қатысы бар лауазымды тұлғалар – аудандық аурухана басшысы Гүлнар Қураметова мен полицей Денис Ольшанский – қызметін жалғастырып отыр.
Саниям Рахматулина әділдік орнап, жауаптылар жазаланғанын күтеді.
