Павлодарда 19 шенеунік жауапқа тартылды

Сағыныш Сардарова 01 жел. 2025 11:54

Павлодарда мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар үшін 19 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Павлодарда "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң жүйелі түрде бұзылған.

"Талаптарға сәйкес тапсырыс берушілер 30 күн ішінде жеткізушіні мемлекеттік сатып алудың адал қатысушысы емес деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті. Ал мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар бұл мерзімді бірнеше рет елемеген. Мұндай әрекетсіздік жеткізушілердің жауапкершіліктен жалтаруына мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.

Сот "KAZ SERVICE PVL" ЖШС-ға қатысты "Ақсу қаласының мектеп-лицейі" КММ-нің талабын қабылдамады. Себебі мекеме серіктестіктің міндеттемені бұзғанын 2024 жылғы тамызда білген, бірақ талапты бес айдан кейін ғана берген.

Прокуратураның ұсынысынан кейін Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мектеп директорының үстінен әкімшілік іс қозғап, айыппұл салды. Осындай заңбұзушылыққа жол берген 19 қызметкер жауапқа тартылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар