Флоридада Украина мен АҚШ делегациялары Дональд Трамптың бейбіт жоспары бойынша келіссөздер өткізді. Тараптар негізгі мәселелерде нақты келісімге келген жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио кездесу нәтижесі "өнімді" болғанын айтты, бірақ келіссөздерде дау тудыратын тұстар көп екенін мойындады. Оның айтуынша, басты мақсат - соғысты тоқтату ғана емес, Украинаға ұзақ мерзімді қауіпсіздік пен тұрақты болашақ қамтамасыз ету.
Рубио жұмыс жалғасатынын, арнайы өкіл Стивен Уиткофф осы аптада Мәскеуге барып, келіссөздердің келесі кезеңін өткізетінін айтты.
Ол бейбіт жоспар Украина үшін жаңа, бұрынғыдан да табысты кезең ашуға бағытталғанын жеткізді.
Бұған дейін Дональд Трамп Ресей кейбір тармақтар бойынша келісімге дайын екенін, ал жоспардың өзі 28 тармақтан 22 тармаққа қысқарғанын айтқан еді. Ал Ресей президенті Владимир Путин "Украинамен заңды келісімге келу мүмкін емес" деп мәлімдеді.
Рубионың сөзінше, Украина делегациясымен өткен кездесуде соңғы шешім қабылданбаған, келіссөздерге әлі де уақыт қажет.
