ҚАЗАҚПЫЗ БА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚПЫЗ БА?

Dalanews 28 мау. 2015 08:15 789

Шынымен де, кімбіз?

Қанат Нұров деген қазақ бар. «Аспандау» деген аты біртүрлі  клубтың жетекшісі. Осы жерде саясаттанушы Айдос Сарым мен біздің медианарықтың белді бизнесмені Арманжан Байтасов «айқасты».

Сонымен, қазақпыз ба, қазақстандықпыз ба? Сарым мен Байтасов бұған қатысты не деді? Олар қай ұстанымды қолдады?




5098dda7093d8Айдос САРЫМ: БІЗ – ҚАЗАҚПЫЗ

– Мен әлдебіреудің «бізді бірігуге, бірге болуға жазған Еуразиялық тағдырымыз ортақ» дейтін жалған концепциясына сенбеймін.

ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін болмаса Қазақстанда табиғи түрде қазақ ұлты, ұлттық қазақ буржуазиясы, ұлттық саяси элита қалыптасар еді.

Большевиктер қазақ тарихы мен қазақ модернизациясының табиғи тамырын үзді. Қазақ жоғала жаздады...

Бірақ, КСРО құлайтын еді, бәрібір. Империяның құрылуы бар да, құлауы бар.  Қайталап айтайын, ешқандай сәбеттік немесе еуразиялық ұлт болған жоқ. Болмайды.

Еуразияшылдықты дәріптеу, былайша айтқанда, неоимпериялық ұғымды ұлықтау кері реакция туғызады. 

1991 жылы Қазақстан Тәуелсіз мемлекет атанды. Бұл, бірінші кезекте құжат. Құжатта – Қазақ ұлттық мемлекетін құру идеясы айтылған.

Бірақ, жүзеге асырылмады. Ол кезде қазақтың өз жеріндегі үлесі 40 пайыз-тын. «Жан бағу» керек болды.

Алғашқы 10 жылда қазақтар Тәуелсіз болғанына тәубе деді, орыстар «сен тимесең, мен тимеге» көңілі толды. Бірақ, өмір өзгереді ғой.

Қазақ қоғамы биліктің идеяларына алданбайтын болды.

Бұл идеялардың 2 кемшілігі бар. Құндылығы, моралі жоқ. Бұл – бір. Оған не қазақтардың, не болмаса орыстардың көңілі толмауы мүмкін. Бұл – екі. 

Біз кімбіз? Қазақпыз ба, қазақстандықпыз ба?
Меніңше, «қазақстандық ұлт» дегеннің астарында «постсоветтік-қазақ» ұлты деген ұғым жасырулы. Біз мұны қабылдаймыз ба? Жоқ, әрине. Себебі, оның әуелгі астарының өзі қате.

Біз «қазақ ұлтын» құруымыз және «қазақ ұлттық мемлекетін қалыптастыруымыз» қажет. Тарихи, тіпті заңдық тұрғыдан (Мемлекеттік егемендік туралы Декларация және мемлекеттік Тәуелсіздік туралы заң) бұл – дұрыс.

«Қазақ ұлты» дегеніміздің өзі не? Бұл қазақтан өзге ұлттар санатқа алынбайды деген сөз бе? Жоқ.

Бізді айыптайтындар бар. «Сендер этнократтық мемлекет құрмақсыңдар» дейді.

Неге? Біз әлі де болса деколонизация, детоталитаризация процесінен өткен жоқпыз.

 Керек десеңіз, «қазақ», жалпы «қазақи» деген ұғымның өзі қоғамдағы кейбір топтардың ашу-ызасын, аллергиясын туғызатын сияқты.

Кейбіреулер КСРО-ның құлағанына, империяның орыстарға берген жоғары әлеуметтік статусынан айырылғанына көндіге алмай жүр. Әліге дейін... Олардың бізді «этнократ», «ұлтшыл» деп айыптауы содан. Бұл айыптаудың астарында кеңестік сарын бар.0_5721b_37164289_XL

Олар ескі терминдерді қолданады. Кеңестік дәуірде «ұлтшыл» деген – империяға қарсы, ұлт-азаттық қозғалыстың мүшесі деген мағынаны білдіретін. «Ұлтшылдарды» ксенофоб, шовинист дейтін. Алайда шовинизм мен ксенофобияны Кеңес билігінің өзінен тарағанын біз жақсы білеміз. 

Мұның бәрі қазақ ұлтын қалыптастыруға кедергі. Себебі, күш кетеді.

Дәл қазір екі Қазақстан бар. Бірі – дамып, өсіп келе жатқан қазақтілді Қазақстан. Бірі – табиғи себептерге байланысты өрісі тарылып келе жатқан орыстілді Қазақстан.
Орыстар қазақ тілін неге үйренбейді? Себебі, олар Қазақстанның мемлекет ретіндегі болашағына сенбейді. «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті – ұзақ әрі мәңгілік жасайды, бізге мұнымен санасуға туралы келеді» деген түсінік жоқ.

Билік тарихи кеңістікті 20 жылмен шектеуге тырысады. Мұның өзі қазақы ортаның ренішін туғызады. Туғызып та отыр. Бірақ, тереңге үңілсек «терең дүниелерге» тап боламыз. Қазіргі «ұлтаралық келісімге» тірек болатын себептердің аздығын көреміз.

Қазақстан – қазақтың үйі. Ендеше қазақтың адами, этникалық, мәдени, тілдік құқығын қорғауға міндетті.

Орыстілділер ше? Орыс тілінің тағдыры не болмақ мұндайда? Оларға түптің түбінде таңдау жасауға тура келеді...

Қазақ пен орыстың қарым-қатынасында сауал көп, жалпы. Бауырлас орыс пен украин соғысып жатыр.

Ертең мінезі, болмысы, тілі, қаны, діні бөлек қазақ пен орыстың арасында дәл мұндай жағдай қайталанбайды деп кім кепілдік ете алады?

 Меніңше, Қазақстандағы орыстар империялық ойдан, өктемшіл әдетінен арылуы керек. 

Мысалға, мемлекеттік тіл. Жүздеген, мыңдаған шетелдіктер қазақ тілін меңгеріп алған. Ендеше, тіл үйренудің әдістемесі, кітабы жоқ дейтіндердің сөзі өтірік. Біз орыстардың қазақ тілін меңгеруге лингвистикалық қабілеті жоқ дегенге сенбейміз.

Орыстар қазақ тілін неге үйренбейді? Себебі, олар Қазақстанның мемлекет ретіндегі болашағына сенбейді. «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті – ұзақ әрі мәңгілік жасайды, бізге мұнымен санасуға туралы келеді» деген түсінік жоқ.

Екінші жағынан, олар қазақтарды отандастары ретінде сыйламайтынын да жоққа шығармаймын. Айналып келгенде, мемлекеттік тілге деген көзқарас – мемлекетке деген көзқарастың белгісі.

Қазақ па, қазақстандық па дегенде мынаны қолдану керек – тегі кәріс қазақ, тегі орыс қазақ. Оларды да, яғни қазақстандық өзге ұлт өкілдерін де қазақ деп түсінуіміз керек.




 

 A5129Арманжан БАЙТАСОВ: БІЗ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚПЫЗ

– Айдостың айтқанымен 80-90 пайызға келісемін, негізі. Көзқарасы дұрыс-ақ. Дегенмен, қазақпыз ба, жоқ, әлде, қазақстандықпыз ба дегенде, бұл ұғымды анықтауды мұндай бір ғана отырыспен шектеуге болмайды.

Ашық пікірталаста дәлелді, дәйекті дүниелер айтылатын жиын өткізу керек. Дөңгелек үстелге қазақты да, орысты да, жалпы осы елде өмір сүретін өзге ұлттың өкілдерін шақырып, пікірлерін тыңдаған артық етпейді. Мұндағы мақсат, әрине, елдегі қауіпсіздікті, тұрақтылықты сақтау.

Қазақстан кез келген азаматтың ұлттық ерекшелігіне қарамай өмір сүруіне ыңғайлы, балаларын өсіруге қорықпайтын, бизнеспен айналысуға мүмкіндік беретін елге айналуы тиіс.

Сондықтан менің азаматтық позициям – қазақстандық деген дұрыс.

Жалпы ұлт, ұлтшылдық деген ұғымдардың өзі бертінде капитализммен бірге қалыптасқан. Бірақ, бұл жерде бір нюанс бар, Қазақстанда буржуазия бар, бірақ ол негізінен орыс тілінде сөйлейді.

Сосын дәл қазіргі уақытта таза қазақ және шала қазақ деп бөлінген дұрыс емес. Біз шала қазаққа, руға, жүзге бөлінетіндей соншалықты үлкен ұлт емеспіз.

Иә, Украинадағы оқиғалар ұлтты оятты. Бірақ, солай екен деп «шалақазақтарды» негізсіз айыптауға болмайды. Ешқандай эмоциясыз айтайын, орысша тәрбиеленген қазақтар бар, сол сияқты қазақша сөйлейтін қазақтар бар. Бұл үшін алғашқы топты шалақазақтар деп атаған қисынсыз.

Қайталап айтайын, мен біздердің «қазақстандық» деп аталуымызды қолдаймын.
Сайып келгенде, бұл жай ғана сөз және бұдан ештеңе өзгермейді. Солай емес пе? «Қазақсың ба?» немесе «қазақстандықсың ба?», қандай айырмашылық бар? Егер адам еркін, жайлы, әдемі Қазақстанда өмір сүргісі келсе, оны қалай атайтынымыз маңызды ма осы?

 Яғни, қазақпыз ба, қазақстандықпыз ба дегенде, Айдоспен еш келіспеймін. Айдос айтып отырған «тегі кәріс қазақ» деген сөздің өзі біртүрлі естіледі. Адам қабылдай алмайды мұны.

Сайып келгенде, бұл жай ғана сөз және бұдан ештеңе өзгермейді. Солай емес пе? «Қазақсың ба?» немесе «қазақстандықсың ба?», қандай айырмашылық бар? Егер адам еркін, жайлы, әдемі Қазақстанда өмір сүргісі келсе, оны қалай атайтынымыз маңызды ма осы?

Басты мақсат – коррупциядан, басқа да кеселдерден ада мемлекет құру. Ендеше, терминологияға бола жаға жыртысып не қажеті бар?

Шынымды айтайын, егер біз «қазақ» деген сөзге басымдық берер болсақ, ендеше Қазақстанда тұратын халықтың 40 пайызы мұны жақтырмай қабылдайды. Мен білем. Өскемен, Қостанайда өзін «тегі орыс қазақ» деп атағысы келмейтін адам көп. Айталық, Ресей көпұлтты ел, сондықтан олар өздерін ресейліктерміз деп айтады.

Қазіргі мақсат – тәуелсіз елдің іргесін бекіте түсу. Жалпы кім қандай ұлт деген пікірталастар тумауы тиіс. Кез-келген қарқынды дамығысы келген қоғам осыны ұғынғаны жөн.

Қазақстандық ұлт бар ма? Менің ойымша, бар, бұл – мына бізбіз, бармыз және өмір сүріп жатырмыз.

Кез-келген мемлекеттің, этностың ұлттың даму сатылары болады. Бүгінгі күні біз даму үстіндеміз, алға жылжудамыз.

Иә, Айдос дұрыс айтады. Жиырмасыншы ғасырда біз көрмегенді көрдік, ауыр сынақтан өттік. Халқымыздың жартысынан астамы қырылып қалды, интеллигенцияның 70 пайызы қуғын-сүргінге ұшырады.

Бірақ, бастысы, біз осы сынақтан өттік ғой? Тәуелсіздікке қол жеткіздік, өз еліміз бар. Енді осы елдің қабырғасын қалау қажет. Театр, теледидар, кино саласы, әдебиетке қаржы бағыттау керек. Интеллигенцияны қайта тірілтетін, бұрынғыдан да білімді әрі мәдениетті болатын мүмкіндігіміз бар.

Түсінесіздер ме, біз осы Жер-әлемнің бір бөлшегіміз ғой. Осы әлемге кетігін тауып қалансақ, оған жақсы, жарқын дүние сыйласақ ұтылмаймыз. Міне, алдыға осындай мақсат қою керек.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар