Бүгінгі заманның "геройы" кім?
Қазақ халқының тарихына көз салған адам өткен дәуірлерде ел мүддесін бәрінен де биік қойған аймаңдай азаматтардың көп болғанын байқаймыз. Бұл біздің тарихымыз. Технология дамып, иннновациялық өмірге аяқ басқан қазіргі заманда ел дамуына катализатор болып жүрген азаматтарды көпшілікке насихаттаудың маңызы зор.
Бұл турасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мақаласында: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр», – деген болатын. Өте орынды айтылған пікір. Әр заманның өз геройы болуы шарт.
Мемлекет басшысы атап көрсеткен осы бір маңызды бағытта басшылыққа алған "Қала мен Дала" газеті Тәуелсіздігімізді нығайтуға күш салып, қоғамдық өміріміздің әр саласында еңбек етіп жүрген азаматтар жайында ой толғауды жөн санап отыр.
Бақытжанның ойы
Тілге қатысты айтсақ, қазір әлеуметтік желілерде латын қарпіне көшу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Біреу өткен дұрыс дейді, біреу өтпеу керек дейді. Бірақ осының өзі дұрыс емес. Өйткені латын қарпіне көшуді Қазақстан баяғыда шешілген. Осы ретте «Бұл арада қоғам алдында оған қалай көшеміз, әліпби жобасы қалай болады деген нақты мәселе талқысы тұр. Ел осыны дұрыс түсінбей жүр», – деп орынды пікір айтып жүрген жас саясаттанушы Бақытжан Бұқарбайдың қазақ тілін өркендету жолындағы атқарған нақты істеріне тоқталғанды жөн санап отырмыз.
– Президент осыған дейін еліміздің 2050 жылға арналған стратегиялық бағдарламаға сүйеніп, өзінің халыққа Жолдауында латын қарпіне көшу туралы айтқан. Ол Жолдау шыққанға дейін қоғамда осы тақырыпта талқылау болды. Көшеміз бе, көшпейміз бе деген. Ал ол Жолдаудың жарық көргеніне де 5 жыл болды. Содан соң, міне Елбасының латын қарпіне көшудің әр қадамын нақтылайтын мақала жарық көріп отыр. Демек, бұл мәселенің шешімі әлдеқашан қабылданған, сондықтан ол керек пе, керек емес пе дегенді талқылаудың қажеті жоқ, – дейді саясаттанушы.
Латын әліпбиіне көшудің төрт ерекшелігі
Қазіргі өзекті мәселе латын қарпінің моделін жасауда болып тұр. Ұтылып қалмауымыз керек. Бақытжан Бұқарбай ұтымды нұсқа ретінде компьютер түйметақтасындағы әріптерді қазақ дыбысталуына айрықша мән беру керек екенін алға тартады. Латын қаріптеріне сүйеніп, қосымша жаңа таңбалар жасаудың қажеті жоқ дегендей пікірлер айтылып жүргені белгілі. Қалай дегенмен де қазір латын қарпінің әліпбиі қандай болады, адамдардың оған бейімделіп, төселуі деген кезеңді жүзеге асыру маңызды.
Саясаттанушының пікірінше, латын қарпіне көшудің 4 ерекше қасиеті бар.
Латын қарпі – ағылшын тілі, ғылымның тілі. Дүниеде жаңалық шығып жатса, ол бізге ағылшын емес, орыс тілінде, яғни кириллица арқылы келіп жатыр. Мысалы, «полиция» сөзін неге «полис» деп айтпасқа? Ал осы сөзді кириллицамен көз алдымызға елестетсек, ол тіпті басқа мағынаға ие. Ал ағылшынша, иә оның полиция екенін біреу айтпаса да түсінеміз. Бір жағынан, ол қазақ тілінің үндестік заңдылығына да қайшы емес.
Екіншіден, қазақтардың өзі кириллицаның шеңберінде қызыл кеңірдек болады. Мәселен, режим сөзін алалық. Қазақша да солай жазуға болады, бірақ оған қарсылар да көп. Яғни, латын қарпіне ауыссақ, осындай дауларға өздігінен нүкте қойылады.
Үшіншіден, бұл өркениетті таңдауымызға қажет. Қолданып жатқан заттардың құрамы туралы деректер немесе өмір сүру салтының өзі, мәселен, тез тамақтану, киіну, тыңдайтын музыка, мәдениет – барлығы қай жақтан келіп жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан бұлайша адамдардың осы мақсаттарына жақындатып, уақыттарын үнемдеуге көмектесуге болады.
Төртіншіден, түркі әлемінің барлығына дерлік латын қарпін қолданады. Қырғыздарды санамағанда.
Яғни, біз соңғылардың бірі болып көшеміз, латынға көшсек.
Сондықтан бұған дейінгі мемлекеттердің тәжрибесі бізге жақсы үлгі бола алады, олардың қателіктерін қайталамауға тырысуымыз керек, – дейді Бақытжан Бұқарбай.
Көше атаулары баяғыда латынға көшкен…
Сондай-ақ саясаттанушы латын қарпіне көшуге наразыларға қарсы аргумент келтірді.
– Латын қарпіне көшуге қарсылар "Ол бюджетке ауыр салмақ түсіреді, одан да ол ақшаға жол жөндеп, мектеп пен балабақша салмаймыз ба" дегендей аргументтерді алға тартады.
Шынын айтқанда, бұл ойды басқа арнаға бұрып жіберіп, мәселенің мән-мағынасын жою. Әрине, ол дұрыс емес.
Иә, бұл арада көп нәрсе ауысады. Типографиялық заттар түгелдей жаңарады. Көшедегі жазулар мен белгілер ауысады. Көшенің атаулары мен құжаттар жаңарады. Бірақ құжатты мерзімі келгенде онсыз да ауыстырасыз. Бұл арада көштік екен деп бәрін жаппай ауыстыра бермейді ғой. Мәселен, құжаттарды мерзіміне қарай ауыстырады дегендей. Көше таңбалары ескірді ме, жоспарға сай ауыстыру мерзімі жетті ме, сол кезде латыншасы қойылады.
Жаңа төлқұжатта онсыз да латынша жазу бар, қазір көше атаулары да латынша жазылып жүр, яғни бұл процесс ақырындап басталып кеткен.
Ең бастысы, халықтың үйренуіне уақыт беру керек. Елбасы мақаласында кириллица мен латын қарпінің қолданысы қатар жүреді деп айтылды. 10-15 жыл жүрсін делік. Тарихи тұрғыдан қарағанда, 10-15 жыл қас-қағым сәт. Өтеді де кетеді. Мәселе, бірақ, меніңше, осылай шешіледі.
Қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілін дамытып жүргендер үшін бұл – приоритет. Кесіп, қарсы болғандарға оны түсіндіру қиын. Бірақ алаңдайтын да жағдай бар. Мына біз төте жазуды пайдаланып, латын қарпіне көшкенде көптеген төте жазудағы еңбектер аударылып үлгермей қалды. Оның түсінікті себептері де болды. Өйткені большевиктер идеологиясына керек емес дүниелер аударылмады. Ал қазіргі жағдай басқаша. Әрине, әдебиеттің барлығы 100 пайыз латын қарпіне ауыстырыла ма, ол да үлкен мәселе.
Енді есе қайтаратын кез кеп тұрған секілді. Мүмкін кеңестік идеологияға құрылған соцреализмдегі әбедиеттің қажеті жоқ шығар бізге.
Жалпы, латын қарпіне көшкенде әдебиетіміз, өркениетіміз қазақ мәдениетіне сай болуы керек. Бұл қатар жүретін процесс, меніңше. Жәй қаріп ешқандай рөл атқармайды. Қаріп тіл мен мәдениетіңді бейнелейтін бір дүние. Олай болмаса, қаріп өзінің функциясын жойып алады. Яғни, латын қарпіне көшуді ұлттық мәдениет, ұлттық әдебиетті қалыптастыратын дүние ретінде қарастыру керек.
2017 жылдың соңына дейін латын қарпінің әлібиін түзу тапсырмасы нақтыланды. Осыны қадағалап, мамандардан сұрап, үнемі назарда ұстауымыз керек. Мүмкін белсенділер тобын құрып жіберу керек пе? Әйтпесе бір адамның үні ешкімге жетпейді. Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас демекші, ортақ мүдде болса да жеке-жеке әрекет қылған соң дауысымыз естілмей қалуы бек мүмкін.
Қазақ тілін үйрету курсын ашқан Бақытжан мырза қазіргі қазақ тілін көтеріп тұрған демография екенін баса айтады.