Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі іске қосылды

Қаракөз Амантай 31 жел. 2025 14:10

Қазақстанда өнімнің отандық шығу тегін растау рәсімін жеңілдетуге және бизнестің мемлекеттік қолдау шаралары мен реттелетін сатып алуларға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған отандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі іске қосылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа құрал ірі кәсіпорындармен қатар жас кәсіпкерлерге, стартаптарға және өндірісті енді бастап жатқан өндірушілерге де арналған. Тіркеу e-ondiris.gov.kzплатформасы арқылы толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады, қызмет тегін көрсетіледі және қағаз анықтамаларды жинауды талап етпейді. Жүйе мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған және өндірісті қысқа мерзім ішінде цифрлық верификациялауға мүмкіндік береді.

Тізілім Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша енгізілді және 2025 жылғы 19 мамырда Қазақстан Республикасының тауарлардың шығу елін айқындау мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Заң қабылданғаннан кейін іске асырылды. Жаңа жүйеге толық көшу 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жоспарланған. Осы уақытқа дейін отандық өндірушілер өз мәртебесін СТ-KZ сертификаттары мен индустриялық сертификаттар арқылы растады.

Тізілімге алғашқылардың бірі болып тұрмыстық техника өндіретін «Silk Road Electronics» ЖШС енгізілді. Кәсіпорын авторизациядан сәтті өтіп, Қазақстан аумағында тұрмыстық техника өндірісін жүзеге асырып келеді. Компания жергілікті өндірістік қуаттарды дамытып, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуде. Өнім негізінен ішкі нарыққа бағытталған, сондай-ақ өңір елдеріне жеткізу перспективасы бар.

Тізілімге енгізілу кәсіпорынның нақты отандық тауар өндіруші мәртебесін растайды және басымдық берілетін сатып алуларға қатысу мен мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін негізгі шарттардың бірі болып табылады. Тексеру өндірістік алаңдар, жабдықтар, жеткізу тізбектері және жергіліктендіру деңгейі туралы цифрлық деректер негізінде жүргізіледі.

Ресми дереккөздердің мәліметінше, қолданыстағы индустриялық сертификат иелерінің 1 800-ден астамы жүйеге автоматты түрде көшірілген, ал шамамен 1 000 компания деректерін цифрлық форматта растаған.

Тізілімді пайдалану толықтай тегін. Өтпелі кезең аяқталғаннан кейін Тізілімнен берілетін үзінді отандық өнімнің шығу тегін растайтын жалғыз құжат болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар