Астанадағы бокс кеші ел рухын асқақтатты

Dalanews 17 қыр. 2017 05:58 1089

Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында кәсіпқой бокстан әлемдік бокс кеші өтті. Еліміздің 9 былғары қолғап шебері де жеңіске жетіп, қазақ боксының мәртебесін асқақтатты. Еліміздің мақтанышы, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам канадалық Брэндон Кукті техникалық нокаутпен жеңді. Бұл Қанаттың 25-ші жеңісі.



Алғашқы раундтан жекпе-жек тартысқа толы болды. Қос боксшы салғаннан ашық айқасқа шығып, бір-бірінің осал тұсын аңдып бақты. Көп сәтте қазақ боксшысы дәл соққылар бағыттап, белсенді көрінді. Канадалық боксшы да ұтымды сәттерде дәл соққылар жасап, сауатты қорғана білді. Алайда Қанат Исламның ауыр соққыларына төтеп бере алмай, үш мәтре ноудаун алуға мәжбүр болды. Кездесудің тоғызыншы раундында Қанаттың қарымды соққысы қарсыласына дәл тиіп, төрешінің араласуымен жекпе-жек тоқтатылды.

Осылайша, қазақ боксшысы спорттық мансабында ешқашан жеңіліп көрмеген Брэндон Кукті техникалық нокаутпен жеңіп, өзінің 25-ші жеңісіне қол жеткізді.

Қанат Ислам үшін бұл кездесудің маңызы жоғары еді. Оның осы кездесуден кейін рейтингі жоғарылап, өз салмағы бойынша алғашқы ондыққа енді. Астанадағы бокс кешіне еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған жұрттың қарасы мол. «Сарыарқа» велотрегінде өткен кешке спорт сүйер қауымнан бөлек, елімізге танымал тұлғалар, әр саланың мамандары, саяси элита өкілдері қатысты.

Бокс кеші басталмай тұрып әртүрлі болжам айтылған болатын. Бұған дейін 18 кездесу өткізіп, бірде бір рет жеңіліс таппаған Б. Кукты Қанат Исламның жеңуі неғайбыл деген де сөз шыққаны рас. Бірақ Қанат Ислам өзін ринг қожайыны ретінде өте сауатты ұстады әрі батыл мінез танытты. Оның әрбір соққысы тиген сайын жиылған жұртшылық «Қанат» деп айғайлады. Қанат көпшіліктің көңілінен шықты. Ол әр раунд сайын мығым соққыларын дәл жұмсаумен болды. Бокс мамандарының айтуынша, Қанаттың кездесуді бұдан да ерте аяқтауға мүмкіндігі болды. Дәлірек айтсақ, алғашқы нокдаун кезінде. Ал жұртшылық үшін кездесудің 9 раундқа созылғаны ұнағаны шын.

Айта кетсек, бұған дейін алғашқы жекпе-жекте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов бір минуттың ішінде өз қарсыласын нокаутпен жеңген болатын.

Екінші кездесуде Димаш Ниязов бразилиялық Эдуардо Перейраны ұпай санымен жеңді.

Үшінші жекпе-жекте Айдос Ербосынұлы аргентиналық Джонатан Барбадилоны нокаутпен жеңді.

Төртінші кездесуде Әли Ахметов америкалық Томас Джастинді теxникалық нокаутпен жеңді.

Одан кейінгі кездесуде Нұрсұлтан Жаңабаев бразилиялық Алекс Дуартені де нокаутпен жеңді.

Алтыншы жекпе-жекте Руслан Мырсатаев аргентиналық Андреас Матиас Афранлиді айқын ұтты. 

Жетінші жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлы бразилиялық Жильберто Перейру дос Сантосты ұпай санымен жеңді.

Ал Жанқош Тұраров аргентиналық Бруно Леонардо Ромэйді ұпай санымен жеңді.

Жанқош Тұраров осымен 22 кездесу өткізіп, соның бәрінде басым түсті. Мамандар Жанқош алар асу әлі алда деген болжам айтып отыр. Оның кездесулеріне америкалық телеарналар қазірдің өзінде қызығушылық танытып отырғандығы белгілі болды.

Жәнібек Әлімханұлы 40 жастағы қарсыласын 6 раундтық бәсекеде ұпай санымен жеңді. Жұрттың одан нокаут күткені анық. Алайда қаншама соққы жасағанына қарамастан, тәжірибелі қарсыласы ауыр соққыларының көбін дарытпады. Жәнібектің кәсіпқой бокстағы дәуірі енді басталды. Шойын жұдырық иесі әлі жас. Оның өнеріне тәнті жұртшылық қазақ боксының болашағы деп біледі. Геннадий мен Қанат алған асуды осы Әлімханұлы бағындырады деушілер көп.



Амалбек ТШАНОВ, ардагер спортшы, қоғам қайраткері:

– Мен Қанат Исламның әр боксын қалдырмай көріп жүрмін. Қанат – қазақтың батыры. Оның тұла бойы тұнған рух. Қанаттың боксын көрген сәтте көз алдыңа қазақтың бұрынғы батырлары елестейді. Ол өзі үшін емес, елі, отаны үшін сайыс алаңына шығатындай. Осы жолғы кездесуі арқылы өзінің нағыз майталман екенін тағы дәлелдеді. Кук те оңай боксшы емес. Алғашқы екі нокдауннен кейін есін тез жиды. Тіпті бірнеше мәрте Қанаттың өзіне ауыр соққылар жұмсай білді.

Біз Қанаттың алдағы жеңістерінің тезірек болуын қалаймыз. Қанат дәл қазір жарау аттай. Оны кімге болса да, салуға болады. Промоутерлері білікті жұмыс жасаса, рейтингі өзінен жоғары боксшылармен кезіксе деп ойлаймыз.



Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ, боксер, олимпиада  чемпионы:

– Бұл жолғы бокс кеші елдің қуанышын арттырды. ЭКСПО аясында Астана төрінде ерекше кездесу өтті. Бұл еліміздің беделінің арқасы. Мен барлық боксшымыздың жеңістеріне тәнтімін. Жанқоштың қарсыласы мықты екен. Оны бауырымыз өзінің жылдамдығымен, дәл соққы жұмсай алуымен жеңді.

Қанат қазір кіммен болса да, шығуға дайын екенін көрсетті. Оның әр соқысы дәл тиіп жатты. Қанат – біздің мақтанышымыз. Қанатпен күллі қазақ мақтануға тиіс. Оны алдағы уақытта бұдан да деңгейі жоғары боксшылар күтіп тұр. Осы бастан жақсы дайындалуы керек. Мен Қанат Исламның әлем чемпионы болатын күні таяп келеді деп ойлаймын.



Бақтияр АРТАЕВ, олимпиада чемпионы:

– Қуанышымызда шек жоқ. Астана қаласында айтулы бокс кеші өтті. Жігіттердің бәрі ерледі. ЭКСПО аясында осындай кеш ұйымдастыру үшін министрлік, Астана әкімдігі және басқа да құзіретті орындар көп тер төккені анық. Бұл кездесуді әлемнің 134 елі тікелей эфир арқылы көрді. Демек, Астанамыздағы кештің ауқымы зор болды.

Мен Қанаттың жеңеріне сенімді болдым. Қанат Ислам жатпай-тұрмай дайындалды. Қанат қазір нағыз бабында жүр. Оған уақыт ұттырмай, өзінен рейтингісі жоғары боксшылармен кездесу керек.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар