Қазақ телеарналары – журналистер жалтаңдап, әншілер талтаңдап жүр

Dalanews 27 нау. 2017 10:55 1163

«Ақпарат және коммуникация» министрлігі 2017 жылдың 9-ақпанда өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде «Ақпарат және коммуникация» министрі Дәурен Абаев мырза: «Тележурналистер деңгейінің төмендігі халықтың наразылығын туғызады», – деп мәлімдеді. Көрермен көңілінен шығып, тележурналистердің шеберлігін арттыру үшін министр KPI жүйесін де ұсынды... Олар тележурналистер ме, әншілер ме?

 

Сөздік қорымыз теледидардағы сөздермен толығуда

Телехабарлардың сапасы жайлы сөз қозғалса, қолымызды бірден журналистке қарай шошайтамыз. Отандық арналар әзірге насихат құралы қызметін ғана атқарып отыр. Сондықтан, тележурналистер асыраушылары мен халықтың арасында талтаңдап емес, жалтаңдап жүрген жайы бар. Бізде жабық тақырыптар баршылық. Журналист көрерменнің аңсағанын айта алмайды. Бірақ, әрдайым отандық арналардың жағдайын өрелі елдер арналарының сапасымен салыстыра қоямыз.

Алайда, ондай деңгейге жету көптеген факторларға: эфир ауқымына, саяси үрдістерге, ұлттық мінезге, идеялар мен қаражатқа тәуелді. Ең бастысы, тіл тазалығына тіреледі.

Отандық арналарда тележурналистердің басым көпшілігі журналист емес, әншілер, кәсіби актерлер мен асаба актерлер.

Теледидар хабарларының сапасы бөлек жыр. Бүгінгі ТД жүргізушілердің тіл шорқақтығы өзекті мәселе күйінде тұр.

Теледидар тілі қалай сөйлесе, біз солай қабылдаймыз. Сөздік қорымыз теледидарда айтылған сөздермен толығады. Теледидар арқылы біз халқымызды, отанымызды танимыз, дос пен дұшпанға танытамыз. Көрермен теледидар хабарларының тілінің жұтаңдығына наразы.

Оның бірнеше себеп-салдары бар.

Біріншіден – ана тіліндегі сөздің төл мағынасын дұрыс ажырата алмау, түсінбеу. Екіншіден – сөйлемді дұрыс құрай алмау. Үшіншіден – сөздерді дұрыс айтпау, үндестік заңын ескермеу.

 

Әншілер ана тілімізді табанға салып таптауда

ТД тілінде ауызша айтылған сөздің әуезділігі мен дыбысталған cөздің құлаққа жағымды естілуі аса маңызды. Себебі, біз ақпаратты көру, есту арқылы қабылдаймыз. Сондықтан, ТД тілінің дыбысталуына басқа ақпарат құралдарына қарағанда айрықша талап қойылады. Отандық арналарда тележүргізушілер «ақтық» сөзін жиі қолданады. Мысалы, шоу бағдарламалардың үздігі әрі бірегейі, «МузАРТ LIVE» мегажобасының жүргізушілері «МузАРТ LIVE» жобасында әрдайым «ақтық мәреге жетті» деген сөзді жиі қолданды. Бұлай айту дұрыс емес. «WikiBilim» қоғамдақ қоры жинақтаған «Қазақ тілінің әмбебап сөздігінде» «ақтық» сөзіне «ең соңғы»,  «ақырғы» деген түсінік берілген. Мысалы: «Менің саған  ақтық айтар ақылым мынау: осы өзіміздің елден шамаң келсе, Алысқа кет. Менің ақтық ақылым осы, Бұқарбай» (М.Жұмабаев, Шығармалары).

Мұнда Бұқарбайға айтылған ең соңғы сөз «ақтық сөз» деп қолданылған. «Ақтық дем», «ақтық сапар» деп те қолданылады. Иә, құлағымызға түрпідей тиетін «ақтық» сөзінің мәні осындай.

Өткен жылы «Хабар» телеарнасынан берілген, қателеспесем, «Бұйымтай» бағдарламасында және басқа да арналардан әнші Серік Ибрагимовтың ән мәтінінде «беймарал», «шик», «кис» сөздері сан рет қайталанып айтылды. Беймарал – өңірлік сөз. «Шик» сөзі французша – өзгеше көріну. «Кис-кис» деп орыс ағайындар мысығын шақырады. Бұл әзіл ән шығар. Десекте, оның тағы бір ән мәтінінде «тфәй-тфәй» делінеді. Бұл – бір ғана мысал. Осылайша, әншілер әннің мәтінін жазған ақындар да ана тілімізді табанға салып таптап келеді. Сөз байлығымыз да бізге атадан берілген мұра, оны бүлдіруге хақымыз жоқ. Бірақ, телеарна әншілердің осы кемшіліктеріне жол беріп отыр. Бұл – кәсіби кемшілік. Себебі, арналар әнші, актерлерді шақырса келеді, шақырмаса келмейді. Олар дайын мәтінмен ғана жұмыс істейді. Әншінің жұмысы – ән салу болғандықтан, артикуляция ережелерін білетін шығар, актер актерлік шеберлікті де меңгеруі заңдылық.

 

Аудармалар не дейді?

Келесі мәселе, тележүргізушілердің орыс тілінен тура аудармалар топтамасын айтар едік. Мысалы, жүргізушілер «назарларыңызға рақмет!» дейді. Орыстар «Спасибо за внимание!» дейді ғой. Олар назар аударғандарға рақмет айтады. Бұл – тура аударма. «Назар» деген кім, әлде не, жанды зат па, жансыз ба? «Назар» – абстракт ұғым. Сондықтан, «назарға» қалай алғыс айтасыздар. Ана тілде «назар қойып тыңдағандарыңызға», «назар салғандарыңызға» рақмет!» деп айтқан жөн болар. Себебі, «...қойып тыңдағандарыңызға», «...салғандарыңызға» жүректің ризалығын білдіретін сөзді қосасыз.

Тағы да телетілшілердің көп айтатын сөзі «туылды» лексиконымыздан мықтып орын алды. Мысалы, «Мен Алматы қаласында туЫЛдым. Мен Алматы қаласында тудым». Туылмайды, туады. «Туады» сөзі – ана тілімізде санаға сіңген бекітілген әдеби норма. Сөздің түбірін Тіл білімі институты шығарған «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»: ТУ – босану, бала табу деп түсіндіреді.
Экранда көп айтылатын «мерекеңізбен!», «туған күніңізбен!» деген сөздерді алайық. Бұл – орыс тілінен тікелей аударылған сөз. Лингвист ғалымдар қателіктің бұл формасын «калька» дейді. Калька ол тілдің ажарын бұзады, бояуын баттастырып жібереді. Мысалы, «наурыз құтты болсын!», «көлік құтты болсын!» дегендей тілек ниетінде болса құлаққа жағымды естіледі. Сол сияқты «кездескенше», «жүздескенше» аудармаларының біріне «күн жақсы» деген сөзді қоссақ қана, «кездескенше күн жақсы» болып, ана тілдің сөйлем құрау ережесіне дөп келеді.

Сондай-ақ, тележүргізушілер «Алматыда бүгін қар жауады деп күтілуде» дейді. Дұрысы – «метеорологиялық орталық Алматыда бүгін қар жауады деп болжайды», «метеорологиялық орталықтың мәліметтеріне қарағанда, Алматыда бүгін қар жауады», «Алматыда бүгін қар жаууы ықтимал» дейді тілші ғалымдар.

Мәтін қанша керемет болса да, дыбыстардың бұрмалануы, екпіннің дұрыс қойылмауы, сөздердің дұрыс дыбысталмауы тыңдаушының қабылдауына кедергі жасайды. Бұл – нағыз орфоэпия заңдары мен ережелері қолданылатын сала. Орфоэпия, әдетте, жазба тілінде көрінбейтін ауызекі тілдің ерекше құбылыстарын норма ретінде зерделейді және анықтайды.

Тележүргізушілер қателіктерінің бірі – «ә» әрпін дыбыстағанда «а» деп айту. Лингвист ғалымдар ана тілдегі сөздің нормаларын бұзып айтуды интерференция деп атайды. Бұл, әсіресе, әнші жүргізушілердің сөйлеу тіліне кенедей жабысқан әдет. Олар «а»-ны орыс тіліндегі дыбысталуымен айтып, сөздің мәнін қашырады. Мысалы, «жАй», «шАй» дейді. Қазақ «шӘй іштім», «жӘй» келдім деп айтады. Орыс тілінде «ә» дыбысы жоқ. Сондықтан, «ә» дыбысының дыбысталуы өзгерді. Соның ішінде, журналистің жазғанын оқып беретін тіл ережесін бұзатындар – тағы да сол әншілер қауымы. Ойын-сауық, ток-шоу, реалити-шоу, әзіл-оспаққа құрылған хабарлардың басты олқылығы – жүргізушілердің тіл заңдылықтарын білмеуі, сақтамауы және ауқымды тақырыптарды игеруге өресі мен сауатының жетпеуі. Теледидардан сөз сөйлеу – фонограммамен ән айту емес, ол тележүргізушіден шешен тілді энциклопедиялық білімді талап ететін қатыгез өнер.

Өзекті мәселелердің бірі қазақ тіліндегі термин сөздердің бір арнаға түспеуі де кедергі болып отыр. Бұл журналистің қателігі емес. Мысалы, артист сөзінің шыққан төркіні – француздың «artiste» сөзі. Мұны біз әртіс деп өзгерттік. Бұл дұрыс па? Сөйлеу тілінің білгірі, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов «Жас қазақ» басылымына берген сұхбатында: «Әртіс» деп аудару – біріншіден, білімсіздік, екіншіден, грамматикалық қате. Себебі, грамматика заңдылықтарында қазақтың кестелі сөзі естілуі бойынша жазылмайды. Мырқымбайлыққа бой беретін болсақ, бізді ешкім сыйламайтын болады», – деп түйіндеді. Көптеген термин сөздердің қазақша баламасы жоқ, қазақы нұсқасы да дәл табылмаған. Шындығында, тілді әлемдік мәдениеттің деңгейімен саралап, салыстырып отырмасақ, «Мырқымбайлық» күйде қала беретініміз рас.

 

Жанар Айжанова тәлпіш қатындарды шынайы сомдайды

Әнші, актер қауымының баршасына қатысты айтып тұрғаным жоқ. Шоумендер арасында Азамат Сатыбалды, Әділ Ахмет, Мүсілім Тәуекел, Нұрсұлтан Есжан сияқты миллиондар алдында сөз сөйлеу, ақпаратты түсінікті жеткізетін талантты жігіттер бар. Сонымен қатар, ырғақты дауыс, келісті келбет, байсалдылық, жылы жүз – тележүргізушіге қойылатын негізгі талаптар да бар, «мынау қазақтың жігіттері» деп айтуға тұрарлық тұлғалар. Әнші Жанар Айжанова әншілік пен актрисалық өнерді қабыстыра алған заманауи тәлпіш қатындардың бейнесін шынайы сомдайды.

Әрдайым жас тележурналистің атына тағылатын сындар әділетсіз, орынсыз айтылады. Мемлекеттік арналарда, қатардағы тілшінің төбесінен қарайтын директор, олардың орынбасарлары, бас продюсер, продюсер, бас редактор, шеф-редакторлары баршылық көрінеді. Отыратындардың жүгіретіндерге ұстаздық қамқорлық көрсетуге құлаққа қонар сөз айтуға қауқары бар ма? Біз экраннан көріп еститініміз қатардағы тілшінің жазғаны, көргені, түсірген көріністері. ТД ұжымдық еңбек, бірақ, жазатын журналистің еңбегі бәрінен жоғары тұратыны даусыз, жазу – қиямет жұмыс.

Тележүргізушілердің сөйлеу тілінде аса мән бермейтін қателіктерінің бірі – лингвистикалық қауіпті сөздер. Бүгінгі таңда БАҚ құралдарына тағылатын айыптың 70 пайызы жекелеген азаматтардың атына нұқсан келетін сөздермен байланысты. Сөйлеу мағынасына қарай лингвистикалық қауіпті сөздерге: опасыз, екіжүзді, жексұрын, жезөкше, ұры, алаяқ, зорлау, азаптау, ұрлау, жемқор, жылпос, сатқын сынды сөздер жатады. (ҚР бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңы, ҚР-ның азаматтық кодексі, ҚР қылмыстық кодексі). Бұл сөздер әдеби нормада болғанымен, ресми жағдайда айтылмауы тиіс. Егер журналист осы сөздерді дәлелсіз, орынсыз қолданса заң алдында жауапқа тартылады. Бұл жала жабу мен ар-ожданға нұқсан келтіру болып есептеледі. Телеарналар тілінде жиі айтылатын «құндыз жағалы ұлықтар», «ақ жағалы», «қарагөздер» сөздері лингвистикалық тұрғыдан қауіпті болмағанымен, адамның көзіне, жағасына қарап атау мәдениеттілік белгісі емес.

 

«Қазақстан» ұлттық арнасында тағы дүрбелең...

Отандық арналар туралы айтқанда алдымен бүкіл арналар бауырынан өрбіген «Қазақстан» ұлттық арнасына қарайлайды. Үлгі тұтады. Бірақ, бүгінгі таңда үлкен арнада жүріп жатқан реформалар алаңдатады. «Қазақстан» арнасының басшылары тағы ауысты. Жаңа жылдан бері ұлттық арна экраны сынақ алаңына айналды. Бірнеше таныс, бейтаныс тележүргізушілер шығып жалт етіп, жоқ болды. Бұл тәжірибелер адами, кәсіптік, әріптестік, журналистік әдепке жата ма? Бұл қалай? Ұжымдағы қызметкерлер бағдарламалардың сапасынан гөрі «ертеңгі күнім не болады?» деп уайым жейтіні аян. Жұмыссыз қалғандар қайтпек?

1994 жылдан бері талай аласапыранды басынан өткізіп келе жатқан елдің басты арнасы, қазақ телевизиясының мұрагері «Қазақстан» ұлттық арнасында тағы басшы ауысты. Жаңа басшы өзіне қолайлы адамдарды қызметке шақырады. Рас, бұл – заңдылық. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ, шын мәнінде жаңа басшы «жерге қаратпайтын» шынайы кәсіби мамандарды таңдай ма? Арна жүзден-жүйрік таланттарды іріктеп, оларға инвестиция салу мүмкіндігін қарастыра ала ма? Отандық телеөндірістің деңгейі мен дәрежесін, бағасын өлшейтін құрал бар ма? Қазақ теледидарының дәстүрлі телемектебін қайта жаңғырта ала ма? Телевизиялық маркетинг қызметі қандай дәрежеде?
Арнада тележүргізушілер неге өзгере береді? Аптаның маңызды оқиғаларын сараптайтын «Апта kz» апталық шолудың жүргізушілері неге жиі ауысады? Жүргізушілер ауысқан сайын олар жасара береді. Әлемнің алпауыт телеарналары елі үшін аса маңызды саяси сараптамалар мен ток-шоуларды жүргізуді «жігіт ағасы» жастағы, шешендік өнерді меңгерген кәсіби әккі білгірлерге тапсырады. Олар биліктің олқылықтары мен әлемдегі саясаттың бағытын түбегейлі сараптап, зерделеуге қауқарлы. Олармен мемлекет басшылары да, халық та санасады.

Отандық арналардағы апталық шолулар мен жаңалықтар қызметінің тілшілері мемлекеттің мінсіз атқарылған жетістіктер хронологиясын баяндауда лексиконындағы «тәуелсіздік арқасында» деген сияқты ғажайып астананы дәріптейтін сан рет қайталанатын мадақ сөздер көрерменнің көкірегінен итереді. Апталық шолушылар шешендік өнерді меңгерген астарлап сөйлейтін кәсіби деңгейі жоғары болуы тиіс. Бірақ, бұл қасиеттер адамның бойында жиырма бес, отыз жасында да қалыптаса қоймайды.
Қырықтан асқанда адамның айтары болады, оның өмірден түйгені, көргені, тұжырымы бар. Әрі теледидар өнері – тәжірибемен келетін, жүйкеге салмақ салатын ой еңбегі ауыр кәсіп. «Жігіт ағасы» жастағыларды таңдау әлемдік алпауыт телекомпаниялардың тәжірибесінде ежелден бар. ТД-дың абырой, беделі саяси сараптамалық бағдарламалармен өлшенеді.

Қазақта білікті, деңгейі биік, саясат пен экономикадан хабары бар кәнігі кәсіби журналистер жоқ емес. Көрермен қауым «Бетпе-бет» хабарын жүргізген Нұртілеу Иманғалиұлын, шолушылар Иманбай Жұбай, Бақыт Шойбекова, тележурналист Серік Әбікенді, «77 күн»-нің авторы Серік Абас-Шахты, «Апта кz»-ті жүргізген Айдаболсын Есболатты, Нұрлан Оқаұлы, экономика тақырыбын зерттеп жазатын Дина Төлекованы көпшілік әлі ұмытқан жоқ.

 

Көрермен нені аңсайды?

Көрерменнің бүгінгі қалаулылары қатарында тележурналистер Дархан Әбдік, Дана Нұржігіт, Айнұр Омар, Қарагөз Сүлейменова, Бейсен Құранбек, Айгерім Сейфолла, Нұрбол Бекбау, Аман Тасыған есімдері айтылады. Арна қызметінің абыройы алдымен журналистің беделімен өлшенеді.

Иә, солай. Айталық «Астана» мен «31-арнаның» бүкіл жүгін көтеріп тұрған екі қыз Жайна Сламбек пен Ирина Советжанқызына ешкімнің таласы жоқ. Қыздар жаңбырдың астымен құрғақ жүріп, көрерменін жерге қаратқан емес. «Біздің қоғамда журналистика жоқ, санаулы журналистер ғана бар» дейтініміз осы. Сазгер, әнші, асаба Арман Дүйсеновті, әнші Ерке Есмахан, әнші, продюсер Қыдырәлі Болмановты көрермен тележүргізуші ретінде қабылдай алмайды. Ал Алмас Кішкенбаев «Баламен бет-бет» хабарында балаға сұрақ бере алмай балалардан ұят болды. Халық «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деп тегін айтпаған.

Көрермен арналарды жаулаған арзанқол үнді, түрік сериалдарынан мезі болды.

Көрермен тапжылмай көретін, рух көтерер бағдарламаларды аңсайды. Ол – көркем тілді хабарлар. Ол – тарихтан белгілі тұлғалар, даланың ұлы аналарының бейнесі атамекеннің ғажайып табиғаты мен этнографиясы туралы деректі фильмдер. Бұл фильмдер ағылшын тіліне аударылса, тіпті жақсы болар еді, әлемге таныламыз. Сондай-ақ, жастарға арналған танымдық ақыл-ой жарысы, балақайларға арналған ата мен әженің ертегі хабарлары, шоу бағдарламалар керек. Шоудың өз міндеті бар. Шоулар «бір ауыз сөз тоқтайтын»  халықтың рухани азаттығына кепілдік бола алмайды. Оның аты – тіл. «Қазақша сөйлейік» деп зарлаудың күні өтті, «қазақ тілі ғажап, тілдің кереметтігін» дәріптеу дәуірі туды. Себебі, халқымыздың саны 70 пайыздан асып барады. Сондай-ақ, әлеуметтік мәселелерді эфир арқылы шеше алатын тікелей хабарларға аса зәруміз. Көрермен теледидардан ұлттық болмыстың абыройын асқақтатқан, тілдің шырайын шығара сөйлейтін мамандардың айтары бар кәсіби тележурналистерді көргісі келеді.

Ұлдай Ибайдуллаева, журналист

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар