Қазақ баспалары неге ұйықтап отыр?

Dalanews 19 қаң. 2015 05:27 933

Ұстазымыз ресейлік бір баспа Дэн Браунның «Код да Винчи» кітабын орыс тіліне бір күнде аударуға бірнеше аудармашыға «тапсырма» беріп, оларға кітаптың беттерін өзара бөліп беріп, екі-үш күннің айналасында кітапты жарыққа шығарғанын айтты. Нәтижесінде, бір кітапты он-он бес беттен бірнеше аудармашы бөліп аударса, аударманың деңгейі белгілі ғой. Әр аудармашының стилі, сөйлем құрауы әрқилы. Баспа неге асықты дейсіз ғой?

Себебі, басқа баспа «Код да Винчиді» орыс тілінде шығарғалы жатыр. Баспалар арасындағы бәсекелестік... Бірінші шығарса, қаншама пайда көрейін деп тұр. Бірақ бәсекелестік сапаға «жұмыс істеген» кезде ғана жеңіске жетуге болатынын баспа басшылары ашкөздікпен ұмытты. Сосын, әрине, қатты сыналды. Сабақ үстінде магистранттар тағы да аямай сынап жатты. Ал мен бұл жолы пікірталасқа қосылмадым. Үнсіз ойға шомып отырдым. 

«Бәрібір мұнда баспалар арасында бәсекелестік бар. Біздің көптеген баспалар аюға ұқсайды: үкіметтен тендерді алады да, күзде кітап шығарып, қыс бойы, көктем бойы ұйықтайды. Біздегі баспа басшыларының балалары баспаның өмірі есігін ашпаса да, ай сайын жалақы алып отырады. Өздері басқа мекемеде жұмыс істейді. Мәскеулік бір баспа Қазақстандағы медициналық университеттермен жеке-жеке келісім-шарт жасасып, қазақ тіліндегі медициналық кітаптарды шығарып беріп отыр. Қазақ аударып жатыр, редакторы – қазақ. Баспа миллиондаған пайда тауып жатыр. Үкіметке қарап, мойнын созып «тендер, тендер» деп жылай беретін қазақ баспаларының басшылары тендер қолға тиген соң, неге ұйықтап жатады? Анау мәскеулік баспа қазақстандық мединституттардан алып жатқан миллиондарды неге қазақ баспалары алмайды? Әлде қазақ тілінде кітап шығара алмай ма? Лицензиясын сатып алып, қазақ тіліндегі медициналық кітаптарды солар шығарса, кім жолын кесіпті?».
Мен солай өз ойыммен арпалысып отырдым...

мантаеваАягүл МАНТАЕВА, Мәскеу.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар