Сартр жаққан мұңлы алау

Dalanews 19 қаң. 2015 04:42 1842

CxhLySXLd5UЖан Поль Сартр шығармашылығын толық баяндау мүмкін емес, себебі, ол – әркімнің ішкі әлеміндегі мәтіндер тынысы, себебі, ол – табаныңыз тиген сәтті қағазға түсіруші. Нобель сыйлығынан бас тартқан санаулы тұлғаның бірі де осы – Сартр. Француздың ғана емес, күллі адамзаттың ортақ ұлына айналған бірегей қаламгер, ойшыл кемеңгерді ХХ ғасыр туғызды – өзінің соры қалың мезеттерін көрсетіп, содан ой түйіндетуге Сартр секілді егейлер керек еді, одан адасқан жоқ, таңдау дұрыс, талғам да орынды, тек... түсініксіз ғасырды «түсініксіз» тілде әдіптеген оны толық аңғаруға дәрменсіздік танытты.

Өткен ғасыр – адамзаттың адасқақтығын дәлелдеген ғасыр. Адамзат өзінің тегін қайта іздеді, өзінің қайдан шыққанына қайта үңілді, өзін екі рет өртеп, оның күліне салтанатты түрде ескерткіш орнатты. Ол ескерткішке ЕРЛІК деп ат қойды. Адамдарды аяусыз және көп қырғандар герой атағын алды. Ницшелік пайымды өз мүддесіне асыра пайдаланып, әлсіздерді жардан лақтырды. Ал әлділер... Әлділер жоқ еді. Себебі, адам – қорғансыз. Ондай қорғансыздықты қорғау үшін батырлық, ерлікпен бүркемелеу ең әдемі тәсіл.

Фашизм – фашизм. Ал кеңестік лагерді оның қарсыласы болғандығы үшін ақтауға болмайды. Ол да – фашизм. Басқа мағынадағы. Басқа формадағы. Екеуі де адамдардың қаны мен көз жасынан тарихтың қабырғасын тұрғызды. Қазір мүк басқан сол тарих біздің жадымыздан өшкен жоқ, тарихтың қайталанатындығына сенгіміз келмейді... Міне, осы кезде жойқын, бетқаратпас идеологияларға қарсы, әлсіз, қауқарсыз, қорғансыз, бірақ шынайы ОЙ әлемді кезді. Қанатымен су сепкен қарлығаштар десек қателеспейміз оларды. Солардың басында тұрғанның бірі – Сартр.  
Адамды үнемі аңдып жүретін «жаулар» бар, олар: мағынасыздық пен абсурд. Аяғыңды сәл шалыс бассаң құрдымына құлай кетесің. Қайта шығу үшін, қайта туу керек. Өзіңді ішкі әлеміңде қайта жаратуың керек. Демек, сенің еркіндігің бар.

Сартр ғұмыр кешкен кезеңді (1905-1980) адам болмысының қайта електен өткен сәті деуге болады. Ол болмысшылдықтың басында тұрды. Көшбасында Кьеркегор, Ницше, Хайдеггерлер топ бастаса да, Сартр оны жүйелеген, шын адамның болмысына барынша жақындатқан жарқын тұлғаның бірі. Досы әрі бітіспес пікірталасқа бейім Альбер Камю екеуі адамның ішкі нәтінде жасырынып жатқан тіршілікке құлшынысты оятуға талпынды.  Экзистенциализм – тіршілік ету, өмір сүру ғана емес, тұлғаның бірегей мәні, ешкімді қайталай алмауы және өзінің де ешкімге ұқсамайтындығы, әр адам өзінше жаратылыс, өзінше тағдыр иесі. Сартр осы ағымның белді өкілі ретінде жаңа тұжырымдарды ортақ талқыға тастады. Шекспир қойған ауыр сауал «болу мен бордай тозу» бұл ғасырда басқаша мән алды: социализм мен коммунизм жұп құрып, тоталитаризмнің театрлық көрінісіне белсене кіріскен, диктаторлар мен тирандар сахнада негізгі кейіпкер саналған, босқындар мен қаңғырған пенделер молайып, түрмелер мен концлагерьлер көбейген, техника мен технология сұрқия саясаттың қол шоқпарына айналып, миллиондаған адамдар қырылып, соғыс өрті лаулаған қиянаты көп ғасырда олар, экзистенциалистер: «Адам деген не?!» деген сұрақты бұрынғы мағынасына қарағанда өте өткір екпінде алға тосты. Адамның мәні, адамның болмысы деп кете беретін философиялық сұрақтарға басқа қырынан қарауды ұсынды. Адамның мұңы, үрейі, күйініші мен сүйініші, жалғыздығы, қорғансыздығы, ақыр соңында абсурдқа толы әлемдегі оның орны туралы толғатты. Адамды үнемі аңдып жүретін «жаулар» бар, олар: мағынасыздық пен абсурд. Аяғыңды сәл шалыс бассаң құрдымына құлай кетесің. Қайта шығу үшін, қайта туу керек. Өзіңді ішкі әлеміңде қайта жаратуың керек. Демек, сенің еркіндігің бар. Міне, олар ұсынған ең дұрыс жол – таңдау еркіндігі. Таңдау еркіндігі болмаған патшалар да құл, жоқ, таңдау еркіндігін білмеген пенденің бәрі құрдымның тұтқыны.
Сартр адамзат көкірегіне мұңлы алау жақты. Өзіңе жақында, өзіңнен алыстама, өзіңнен қашпа, үңіл, сенің бақытың алыста емес, өзіңде, бүгінде, табаныңның астында, ыстық қаныңда деді. Соны сезіне алсаң болашаққа мағыналы қадам тастамақсың. Неге мұңлы? Өйткені, біз шын мәнінде ешкім де емеспіз, қорғансызбыз. Оны түсінбейінше, жер бетінде соғыстар мен өрттер тоқтамақ емес. Оны түсінбейінше, менмендік, кеудемсоқтық, көрсоқырлық тоқтамақ емес. Өзіңнің ешкім еместігіңді жасыру үшін өзгеге жауыға қарайсың. Өзіңді қалайда мойындатқың келеді. Өзгені емес, ең қиыны өзіңді өзіңе мойындату екені естен шыға береді. Өзің иланбағанға, елді қалай иландырмақсың, жазған?! Мұңлы алау – әлсіз, болмашы үміт. Сол үмітті сөндірмеу ләзім. Ал оны сенімге айналдыру, мағынаға толтыру өз қолыңда.

Адам өлім алдында өзінің өмірінің мәніне бойлайды. Өлім, ажал – үрейден бұрын, өз өміріңнің мағыналы әлде мағынасыз өткеніне назар салуға итермелейді. Өмір сүру – мағынаға ие болу емес, өмірді толық сүру, барынша өз таңдау еркіндігің арқылы ойдағыдай сүру – мағыналы. Бірақ, еркіндік дегеніңіздің өзі басқалардың еркіндігімен санасуға тәуелді, толық, абсолютты еркіндік болмақ емес, сенің туу, өлу, өмір сүру еркіндігің бәрібір өзгерлермен байланысты. Ата-анаңды таңдай алмайтыныңдай, ажалды да таңдай алмайсың. Ол Жаратылыснаманың құпиясы. Әйткенмен, маңдайдағы жазудың бұйыруы деп, қарап отыруға болмайды, адам қандай жағдайда да өмір сүруге құқылы. Өмір қандай жағдайда да маңызды. Мағынасыздық – адымыңның астында емес, ол қашанда сенің алдыңда. Сол секілді мағынаға толы мүмкіндіктер де сенің қарсы алдыңда тұр. Қайсысымен билегің келеді?..

[caption id="attachment_8655" align="alignleft" width="354"]sartr_1382523607 Сартрдың кейіпкерлері көп. Бәлкім, бәріміз Сартрдың кейіпкерлеріміз... [/caption]

Сартр жазушы болу үшін талпынған жоқ, ол өзінің көкейіндегі сұрақтарды көркем бейнелеу үшін жазушылықты таңдады. Яғни, шынайы болмыс туралы хикаясын адам санасына тереңірек жеткізуге философиялық талдаудан, кең құлашты кітаптардан, «Болмыс пен бейболмыстан» гөрі, әдебиет, нақышты, сазды сөз әлдеқайда тиімді деп білді. Оның көптеген шығармалары өзінің көзқарасын, танымдық дүниелерін қайталай сараптау үшін құрылды. Ол шығармаларында сөйлемді ойнақыландырып, елді таңғалдыруға ұмтылған жоқ – тапқырлық пен шешендік көркемдіктің ғана емес, таза шындықтың да қас жауы екенін елден бұрын сезді – ойды шатастыратын күрделі теңеулерге бой алдырғанша, қысқа әрі мағыналы жазуға зер салды. Оның әр сөйлемінде зілдей ауыр тұжырымдар, қарсылықтар, керіағарлықтар тұнып тұрды. Мұның өзі әдебиеттегі стильге малданудан гөрі, өз ойын шынайы жеткізудің амалы болды. Стильді сен жаратпайсың, стиль сені жаратады. Сөйте тұра, оның шығармалары жүйкеңді ширықтырады, кейде жалықтырады, мағынасыз сезімдер ауанына қамайды. Оны оқыған жан: «Мен не үшін бұлай істеп жүрмін? Адамдар, сірә, олар кімдер?», – деген сұрақтарды қоймай тұра алмайды. Ол өзінің пьесалары арқылы заманды емес, адамды, оның шын болмысын, ішкі кеспірін ашып берді. Батыс театрлары Сартрды сахналауды мәртебе көреді, бірақ сақсынады. Оның деңгейіне пьесаның сөздерімен емес, ойымен жету парыз.

Сартр адамзат көкірегіне мұңлы алау жақты. Өзіңе жақында, өзіңнен алыстама, өзіңнен қашпа, үңіл, сенің бақытың алыста емес, өзіңде, бүгінде, табаныңның астында, ыстық қаныңда деді. Соны сезіне алсаң болашаққа мағыналы қадам тастамақсың. Неге мұңлы? Өйткені, біз шын мәнінде ешкім де емеспіз, қорғансызбыз. Оны түсінбейінше, жер бетінде соғыстар мен өрттер тоқтамақ емес. Оны түсінбейінше, менмендік, кеудемсоқтық, көрсоқырлық тоқтамақ емес. Өзіңнің ешкім еместігіңді жасыру үшін өзгеге жауыға қарайсың. Өзіңді қалайда мойындатқың келеді. Өзгені емес, ең қиыны өзіңді өзіңе мойындату екені естен шыға береді. Өзің иланбағанға, елді қалай иландырмақсың, жазған?! Мұңлы алау – әлсіз, болмашы үміт. Сол үмітті сөндірмеу ләзім. Ал оны сенімге айналдыру, мағынаға толтыру өз қолыңда.

Өзінің бағытынан адасқан әлдебіреулер өзінің мағынасыз ғұмырын әлдебіреулер арқылы мағыналы етуді көксейді. Екі мағынасыздықтан мағына пайда бола ма? Біздің қазіргі тыныштығымыз бұрынғы тыныштықпен ұқсай ма? Болашаққа екі адым жақындасаңыз, өзіңіздің қанша дүниені жоғалтып, қанша дүниеге ие боларыңызды білесіз бе? Қысқасы, өміріңіз қайтсе мағынаға ие болады? Жауабын Сартр қысқа қайырды: «Мен – өзімнен асқан Менмін!». Осыны түсінсең ғана «...өзің өзіңе айнала аласың».   

Менің бір досым бар. Оны ешкім танымайды, бірақ бәрін ол таниды. Таныған сайын бәрінен көңілі қалып, Алматыны тастап қашқысы келеді. Бәрінен айныған, бәрінен жеріген. Оған шулы қаланың кез келген жері ұнамайды: супермаркеттер, ірі сауда орталықтары, базарлар, түнгі клубтар, театрлар мен кинозалдары, мұражайлар, метродағы әсем үйлесімділік, жол жиегіндегі жарнамалар. Бәрінен мағына іздеуден шаршаған сыңайлы. Тура Антуан дерсіз. Біздің арамызда Сартрдың кейіпкерлері көп. Бәлкім, бәріміз Сартрдың кейіпкерлеріміз...

 

Жан Поль Сартр франциялық әйгілі жазушы, философ, публицист және драматург. Оның «Құса», «Еркіндік жолдарымен», «Айну» секілді бірнеше романы, көптеген әңгімелері бар. Сартрды әлемге танытқан, өз ұстанымдары мен философиялық көзқарастарын нығыздаған пьесалары өз кезінде әлемнің көптеген елдеріне аударылып, Батыс елдерінің театрларына қан жүгіртті. Әлі де қойылып келеді. Әсіресе, «Шыбын-шіркейлер», «Жабық есіктердің арғы жағы», «Көмусіз қалған мүрделер», «Ібіліс пен Жаратушы Тәңірі», «Лас алақандар» сынды пьесалары адам болмысының терең нәтіне ой жүгіртуімен құнды.

 Тоқтарәлі Таңжарық


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар