Самарқандта өткен CITES Конвенциясы Тараптарының 20-конференциясында Қазақстанға киік мүйізінің халықаралық саудасын қайта бастауға ресми түрде рұқсат берілді. Осылайша еліміз киік мүйізіне қатысты нөлдік экспорттық квотаны алып тастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан делегациясын Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бастап барды. Делегация құрамында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Зоология институты, «Охотзоопром» және биоалуантүрлілікті сақтау ұйымдарының өкілдері болды. Киік мүйізін бақылау және цифрлық таңбалау жүйесі бойынша сараптамалық қолдауды «Tabiǵi Orta» жобасы мен «Қазақтелеком» қамтамасыз етті.
CITES Бас хатшысы Ивонн Игуэро Қазақстанның киікті қорғаудағы жетістіктерін жоғары бағалады. Оның айтуынша, киік популяциясы тарихи минимум — 21 мың бастан бүгінде 4 миллионнан асып отыр.
«Бұл — әсерлі нәтиже. Қазақстанның табысы қатаң бақылау жағдайында халықаралық сауданы қайта бастауға мүмкіндік берді», - деді ол.
Қазақстан нөлдік квотадан бас тарту — киікті қорғаудан ғылыми негізделген тұрақты пайдалануға өтудің жаңа кезеңі екенін атап өтті. Ел мүйіз саудасынан түсетін кірісті биоалуантүрлілікті сақтау мен экожүйелерді қалпына келтіруге бағыттауға міндеттелді.
Конференция аясында Қазақстан делегациясы 31 екіжақты кездесу өткізіп, Азия, Африка және Араб елдерінің алаңдарында ұсынысты қолдау бойынша кең жұмыстар жүргізді. Дауыс беру нәтижесінде 111 ел (94%) Қазақстан бастамасын қолдады, 7 ел қарсы болды.
Бұл шешім киік популяциясын тұрақты басқарудың Куньмин–Монреаль биоәртүрлілік бағдарламасының міндеттеріне сәйкес келетінін де көрсетті — экожүйе тұтастығын сақтау, тозған жайылымдарды қалпына келтіру және жабайы жануарларды ұтымды пайдалану.
