Freedom Inside '26

Наурыз Мұқанғалиевтің бас сүйегі денесінен қалай ажырағаны айтылды

Наурыз Мұқанғалиевтің бас сүйегі денесінен қалай ажырағаны айтылды
politico.kz коллажы

Атырау облысында қаза тапқан төрт адамның сүйегіне жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысы сотта айтылды. Сараптама барысында Наурыз Мұқанғалиевтің бас сүйегі мәйітті қазып алу кезінде денесінен ажырап қалуы мүмкін деген болжам айтылған, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Атырауда қайын жұртындағы төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында сотталушының адвокаты сарапшыға мәйіттің бас сүйегі 6-8 ай ішінде денесінен өздігінен ажырауы мүмкін бе деген сұрақ қойды.

Бұған дейін сотта көрсетілген видеоматериалдарда марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің басы денесінен бөлек жатқаны байқалған еді.

Сарапшы мұндай жағдай болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мәйіттің қандай жерде жатқанынa, топырақтың құрамына және шіру процесінің қалай жүргеніне байланысты.

"Мәйіттің қай жерден табылғанына, топыраққа, сүйектің шіруіне де байланысты. Наурыз Мұқанғалиевтің мәйітін қазып алып шыққан кезде денесінде бұлшық ет болмаған, бас сүйегі сол кезде де үзіліп кетуі мүмкін", – деді сарапшы.

Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот отырыстары жалғасып жатыр. Істің толық мән-жайы сот барысында анықталмақ.